Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы тұтқындалды

Автор: Аягөз Құрмаш

Одан 7 сағат жауап алынды

Фото: Jung Yeon-Je - Pool/Getty Images

Оңтүстік Корея соты елдің бұрынғы президенті Юн Сок Ёльдің жұбайы Ким Ген Хиге қатысты қамауға алу туралы ордер берді. Оған парақорлық, алаяқтық және сайлау процесіне заңсыз араласу бойынша айып тағылып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ким Ген Хиге қатысты іс – елдің жаңа билігі бастамашы болған үш арнайы прокурорлық тергеудің бірі. Қазіргі билік басында либералдық партия тұрса, бұрынғы президент Юн Сок Ёль консерваторлар қатарында болған.

Материалда Юн мен Ким тарихта алғаш рет бір мезгілде қылмыстық айыппен тұтқындалған президенттік жұп ретінде аталып отыр.

Ким Ген Хи сот тыңдауы алдында журналистермен сөйлесуден бас тартты. Ол Сеулдің оңтүстігіндегі қамау орталығына жеткізілді, онда күйеуі Юннан бөлек ұсталады.

Оны шамамен жеті сағат бойы тергеп, содан кейін қамауға алу туралы шешім қабылданды. Өткен аптадағы сұхбатында Ким қоғамды алаңдатқаны үшін жалпы сипатта кешірім сұрап, бірақ тағылған айыптарды мойындамайтынын меңзеді.

Тергеу мәліметінше, Ким мен Юн 2022 жылғы парламенттің қосымша сайлауында белгілі бір кандидаттың мүддесін қолдау үшін консервативті партияға ықпал еткен. Сондай-ақ, Ким Ген Хиге қызметтік лауазымды тұлғалардың мүддесін лоббилеу арқылы қымбат сыйлықтар алу және акция бағасын манипуляциялау схемасына қатысу айыптары тағылып отыр.

Президент қызметінде болған кезде Юн Сок Ёль жұбайына қатысты тергеу жүргізу туралы ұсыныстарды бірнеше рет «саяси шабуыл» деп бағалап, қабылдамаған.

Еске салсақ, Юн Сок Ёль 2024 жылғы желтоқсанда елде әскери жағдай енгізбек болған сәтсіз әрекетінен кейін қызметінен шеттетілді. Ол бұл әрекетін «конституциялық тәртіпті қорғау» және «солтүстіккореялық коммунистік күштерден төнген қауіптің алдын алу» ниетімен түсіндірген.