Армения мен Әзербайжан қақтығысты реттеу туралы келісімге қол қойды

Автор: Дәулет Ботагөз

Вашингтондағы кездесу аймақтағы ұзақ жылғы дауға нүкте қоюы мүмкін

Фото: Getty Images

8 тамызда АҚШ астанасы Вашингтонда Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинян қақтығысты реттеу туралы декларацияға қол қойды. Келісім рәсіміне АҚШ Президенті Дональд Трамп қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

«Бұл – Армения мен Әзербайжан арасындағы тарихи кездесу», – деді Трамп салтанатты шарада.

Зангезур дәлізі мәселесі шешілді

Көп жыл бойы бейбіт келісімге қол қоюға кедергі болған басты мәселе – Зангезур дәлізі бойынша түйткіл шешімін тапты. Бұл дәліз Әзербайжанды Нахчыванмен Армения аумағы арқылы байланыстырады.

АҚШ президентінің айтуынша:

  • «Трамп бағыты» деп аталатын жаңа транзиттік аймақ құрылады
  • Әзербайжан өз аумағына толық қолжеткізеді
  • Арменияның егемендігі толық сақталады
  • АҚШ-пен арнайы экономикалық серіктестік орнатылады.

«Біз бұрынғы келіссөздерді тығырыққа тіреген түйінді шештік», – деді Дональд Трамп.

Экономикалық серпіліс

Келісім аясында америкалық компаниялар инфрақұрылымды дамытуға ірі инвестиция құюға дайын.

«Олар бұл екі елге кіргісі келеді және көп қаржы салмақ. Бұл үш мемлекетке де экономикалық пайда әкеледі», – деді АҚШ президенті.

Келісім іске асқан жағдайда, аймақта:

  • Жаңа жолдар мен теміржол желілері салынады
  • Сауда айналымы бірнеше есе өседі
  • Инвестициялық климат жақсарады

Контекст

Естеріңізге сала кетсек, АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының мүшесі Джо Уилсон Әзербайжан мен Армения арасында жақын арада бейбіт келісім жасалатынын мәлімдеген еді. Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келісім жобасын тарихи бетбұрыс деп атап, оның жақын арада қол қою арқылы жүзеге асуына үміт білдірді. Оған дейін АҚШ Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбітшілік орнату бағытындағы күш-жігерді қолдайтынын мәлімдеді.

Таулы Қарабақ қақтығысы

Армения мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас ондаған жыл бойы Таулы Қарабақ мәселесіне байланысты шиеленісті. Соңғы жылдары тараптар арасында бірнеше рет әскери қақтығыс болып, бейбіт келіссөздер үзіліп келген.

Зангезур дәлізі – аймақтық логистика үшін стратегиялық бағыт. Ол іске қосылса, Оңтүстік Кавказдағы экономикалық байланыстар нығаяды.