Күзде Канада Палестинаның егемендігін мойындамақ

Автор: Темірхан Айжан

Бұған дейін Франция мен Ұлыбритания да осындай шешімге келген еді 

Фото: REUTERS/Patrick Doyle

Канада Палестина мемлекетін Біріккен Ұлттар Ұйымының қыркүйектегі Бас ассамблеясында мойындауды жоспарлап отыр. Бұл туралы сәрсенбі күні елдің премьер-министрі Марк Карни мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Reuters-тің жазуынша, Канада Палестинаны мойындау арқылы Израильдің Газа секторындағы әрекетіне наразылық білдіріп, оны жауапкершілікке тартуға тырысып жатыр.

Карни Франция мен Ұлыбританияның Газа секторындағы қақтығыстар тоқтамаса, Палестинаның егемендігін мойындайтынын жариялаған соң, бір күннен кейін осы шешімін айтты.

«Канада Израиль үкіметінің Газа секторында гуманитарлық апатқа жол бергенін айыптайды. Палетинаның болашағы көз алдымызда жойылып бара жатыр», – деді премьер-министр.

Карнидің сөзінше, Газа секторындағы ашаршылыққа қарап «Палестининың болашағы жоғалып бара жатқанын» көруге болады.

Оның айтуынша, Палестина мемлекетін мойындау туралы шешімге Палестина әкімшілігінің басқару реформаларын жүргізуге және 2026 жылы жалпыұлттық сайлау өткізуге әзір екені туралы берген бірнеше уәдесі әсер еткен. Бұл сайлауға ХАМАС ұйымының қатыспайтыны атап өтілген.