Оның ісі Жоғарғы сот қарап, прокурор кешірім сұрады
Оңтүстік Корея сотында ерекше оқиға болды. Зейнеткер Чхве Мал Джа 60 жыл бұрын өзіне тағылған айыпты алып тастауды сұрап, сотқа арызданған. Прокурор ескі шешімнің қате болғанын айтып, соттан үкімді жоюды өтініп, әйелден кешірім сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ВВС-ге сілтеме жасап.
1964 жылы 18 жастағы Чхве Мал Джаны 21 жастағы ер адам зорламақ болады. Бойжеткен қаскөйдің тілін 1,5 см-ге дейін тістеп алып, қашып құтылған. Алайда сол кездегі сот өзін қорғаған қызға ер адамнан гөрі ауыр жаза тағайындаған. Әділет органы әйелдің әрекетін «шамадан тыс өзін-өзі қорғау» деп бағалап, ауыр дене жарақатын салғаны үшін кінәлі деп таныған. Осылайша оны 10 айға шартты түрде бас бостандыған айырған. Ал ер адамға 6 айға ғана шартты жаза берген. Чхве Мал Джа сот үкіміне қалай аппеляциялық шағым түсіруді білмеген.
73 жасқа келгенде Чхве Мал Джа гендерлік зорлық-зомбылық туралы университеттегі курстарды бітіріп шығады. Содан кейін құқық қорғаушылармен байланысқа шыққан. Қазіргі кезде оның әділет үшін күресі елде кең қолдау тапты. Оның кейсі Оңтүстік Кореядағы құқықтану оқулықтарына еніп, соттың жыныстық сипаттағы шабуылдан адамның өзін қорғауын тани алмауы жарқын мысал ретінде жарияланған.
2020 жылы Чхве үкімнің күшін жою туралы сотқа өтініш берген. Алайда төменгі соттар бас тартқан. Тек үш жылдан кейін Жоғарғы сот істі қайта қарауға шешім шығарды.
«61 жыл бойы мені қылмыскер болып өмір сүруге мәжбүр етті», - деді 78 жастағы Чхве Мал Джа 23 шілдеде Пусан сотында.
«Біз оны қорғауымыз керек еді, бірақ біз керісінше істедік, оған зор азап шектірдік»,- деді әйелден кешірім сұраған Бас прокурор Чон Мен Вон.
Сот шешімі 10 қыркүйекте жарияланады. Сарапшылар үкімнің жойылатынына сенімді.