АҚШ-та Палестинаны қолдап наразылыққа шыққан студенттер қандай жаза алды
Бұл университет тарихындағы наразылық акциясы үшін қолданылған ең ауқымды тәртіптік шара болған

Колумбия университетінің студенттері өткен мамыр айында про-палестиналық наразылыққа шығып, кітапхананы басып алған болатын. Оқу орны студенттерге қатысты тәртіптік шаралар қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy reuters-ке сілтеме жасап.
Наразылық акциясынан кейін университет ішкі тергеу жүргізіп, студенттерге кампус аумағына кіруге тыйым салып, оларды уақытша оқудан шеттеткен.
Университет мәліметінше, қабылданған шаралар қатарында шартты сынақ мерзімі, 1 жылдан 3 жылға дейін оқудан уақытша шығару, дипломдардың жойылуы және толықтай оқудан шығаруға дейінгі жазалар қарастырылған. Жеке студенттерге нақты қандай жаза қолданылғаны жарияланбады.
«Колумбия Палестина үшін» ұйымының мәлімдеуінше, дүйсенбі күні 80 студентке шыққан шешім жарияланған. Бұл университет тарихындағы наразылық акциясы үшін қолданылған ең ауқымды тәртіптік шара деп аталды.
Оқу орны өкілдері «академиялық үдерісті бұзған кез келген әрекетке шара қолданылады» деп мәлімдеді. Сонымен қатар, университет сөз бостандығын қолдайтынын, алайда оқу ғимараттарындағы наразылықтар негізгі білім беру миссиясына кедергі келтіретінін атап өтті.