Израиль Газа секторының босқындар паналап отырған бөлігіне шабуыл жасады
Әуеден және құрлықтан шабуыл жасалды

Израиль әскери күштері дүйсенбі күні таңертең Газа секторының орталығындағы Дейр-эль-Балах қаласына әуе және құрлық шабуылын жасады. Адамдар тағы да үйін тастап, босып кетіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.
Израиль әскери шабуыл алдында қаланың оңтүстік-батысындағы алты тұрғын ауданын эвакуациялауға бұйрық берген. Аталған аймақта қазір Рафах пен Хан-Юнистан қашқан мыңдаған босқын орналасқан.
BBC-дің жергілікті дереккөздеріне сүйенсек, Израиль танктері мен әскери техникасы Кисуфим бақылау-өткізу бекеті жақтан қалаға кіріп, артиллериялық және әуе соққыларын жасаған. Абу-эль-Аджин және Хикр-эль-Джами аудандарына ондаған снаряд түскені хабарланды.
Мыңдаған тұрғын түнде қаланы тастап, Хан-Юнис маңындағы жағалаудағы Аль-Маваси аймағына қарай бет алған. Бұл жер Газадағы қауіпсіз аймақтардың бірі саналады. Кей сарапшылар Израильдің бұл әрекетін Газа секторының орталығын бөлетін жаңа әскери коридор құру талпынысы деп санайды. Бұған дейін Израиль әскері Газа қаласының оңтүстігіндегі Нецарим және Рафахтағы Мораг бағытында осындай осьтер орнатқан болатын.
Израиль әскері жағдайға қатысты түсініктеме берген жоқ. Дейр-эль-Балахтағы зардап шеккен аудандарда мыңдаған босқын палаткаларда тұрып жатыр.