Ұлыбританияда 16 жастағы жасөспірімдерге дауыс беру құқығы берілмек

Автор: Темірхан Айжан

Сарапшылар мұны сайлау жүйесіндегі ең ірі өзгеріс деп отыр 

Фото: freepik

Ұлыбритания үкіметі 16 және 17 жастағы азаматтарға ел аумағында өтетін барлық сайлауда дауыс беру құқығын енгізуді ұсынды. Билік мұны елдегі демократияны жаңғырту, сайлаушылардың белсенділігін арттыру үшін жасалған шара деп түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.

Бұған дейін Ұлыбританияда дауыс беру құқығы 18 жастан басталатын. Жаңа бастама жүзеге асса, шамамен 1,6 миллион 16-17 жастағы жасөспірім алғаш рет дауыс беру мүмкіндігіне ие болады. Сарапшылар мұны 1969 жылдан бергі сайлау жүйесіндегі ең ірі өзгеріс болмақ деп бағалап отыр.

Премьер-министр Кир Стармер бұл өзгерісті «демократияны заманауи талаптарға бейімдеу» деп сипаттады. Оның айтуынша, еңбек етіп, салық төлейтін жастар елдің болашағына да әсер ете алады. Жобаны жүзеге асыру үшін Парламенттің мақұлдауы қажет. Лейбористік партияның бұл бастамасы әзірге сайлауалды уәделерінің бірі.

Зерттеулер көрсеткендей, 16 жастан дауыс беру құқығына ие болғандар 18 жаста дауыс беретіндерге қарағанда сайлауға жиі қатысады. Бұл мектеп қабырғасындағы азаматтық білім беру мен қызығушылықтың әсерінен екен.

Айта кетейік, елде Парламентке сайлану, алкоголь сатып алу немесе әскерге өз еркімен бару құқықтары 18 жастан кейін беріледі. Қазіргі таңда Еуропада 16 жастан бастап дауыс беруге тек Аустрия мен Мальтада рұқсат етілген. Ал Аргентина, Бразилия, Куба және Эквадор сияқты елдерде бұрыннан қалыптасқан.