АҚШ президенті Дональд Трамптан жазылмайтын дерт анықталды
Бұл – 70-тен асқан қарияларда кездесетін дерт

АҚШ президенті Дональд Трампқа созылмалы көктамыр ауруы диагнозы қойылды. Бұл жағдай – көбіне 70 жастан асқан адамдарда кездесетін қан айналымының бұзылуына байланысты патология. Диагноз аяқта пайда болған жеңіл ісінуге байланысты медициналық тексеруден кейін анықталған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левиттің мәлімдеуінше, президентте терең көктамыр тромбозы немесе артериялық ауру белгілері анықталған жоқ.
Сондай-ақ, ол Трамптың қолындағы көгерулер жиі қол алысу және аспирин қабылдаумен байланысты екенін түсіндірді. Ол аспирин терапиясына тән белгілі және қауіпсіз жанама әсер екен.
Левиттің айтуынша, бұл ақпарат Трамптың денсаулығына қатысты қауесеттерге нүкте қою мақсатында жарияланған. 79 жастағы саясаткердің қазіргі жағдайы «жақсы және тұрақты» деп бағаланып отыр.
Айта кетейік, сәуір айындағы медициналық есепте бұл диагноз көрсетілмеген. Ол кезде Трампты оннан астам маман тексеріп, үш беттен тұратын есеп жасаған. Ол есепте қан айналымы қалыпты, буын мен бұлшықеттер қозғалысы толық, ісіну жоқ деп көрсетілген.
Mass General Brigham ауруханасының қан тамырлары хирургі Анаита Дуа бұл диагноздың толық жазылмайтын патология екенін айтты.
«Ауру адамдардың басым бөлігінде, оның ішінде АҚШ президентінде де, бұл ауру жеңіл немесе орташа түрде өтеді», – деді дәрігер.