Техастағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 130-ға жуықтады

Автор: Дәулет Ботагөз

Апат кезінде төтенше ескерту жүйесі толық іске қосылмағаны белгілі болды

Фото: Reuters

АҚШ-тың Техас штатында болған алапат су тасқыны салдарынан кемінде 129 адам көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy DW сайтына сілтеме жасап.

Жергілікті биліктің мәліметінше, апаттан кейін бір апта ішінде із-түзсіз жоғалғандар саны 166 адамға жеткен. Ең көп шығын Керр округінде тіркелген – 103 адам қаза тапты, оның ішінде 36 бала бар.

Ескерту жүйесі дер кезінде іске қосылмаған

The Washington Post газетінің жазуынша, апат кезінде Техастың Керр округіндегі билікқолында бар дабыл беру жүйесін уақытылы пайдаланбаған. Бұл жүйе төтенше жағдай кезінде:

  • мобильді құрылғыларға автоматты түрде ескерту сигналын жібереді
  • құрылғыны дірілдетіп, қатты дыбыс шығарады
  • кең радиусқа ескерту тарата алады.

Алайда бұл жолы дабыл SMS арқылы ғана жіберілген, оның өзі тек арнайы тіркелген қолданушыларға жеткен.

«Бұл – төтенше жағдай кезінде коммуникация жүйесінің қаншалықты маңызды екенін көрсететін оқиға. Ақпарат уақытылы таралғанда, адам шығыны аз болар ма еді…», – деп жазады басылым.

Тағы да нөсер жаңбыр болады

Техас штатының метеорологтары 13 шілде кешіне дейін нөсер жаңбыр жалғасатынын, бұл жаңа су тасқындарына себеп болуы мүмкін екенін ескертті. Жағдай әлі де тұрақсыз, іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.