Каирдегі телекоммуникациялық компания ғимаратында ірі өрт болды

Автор: Аягөз Құрмаш
Фото: мысырAssociated Press

Египеттің астанасы Каирде орналасқан телекоммуникациялық компания ғимаратында 2025 жылғы 8 шілде күні ірі өрт болып, 14 адам жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Египет Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, зардап шеккен азаматтар жақын маңдағы ауруханаларға дереу жеткізілген. Олардың жағдайы туралы нақты ақпарат әлі жарияланған жоқ.

Өрт Ramses Central Exchange орталығында шыққан, бұл Үлкен Каир аймағында мобильді байланыс пен интернет қызметінің уақытша іркілісіне себеп болды.

Египеттің Ұлттық телекоммуникацияны реттеу басқармасы (NTRA) ақаулардың салдарын жою және залалды бағалау жұмыстарын бастап кеткенін мәлімдеді.

MENA мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, өрт сөндіру қызметі өртті сәтті ауыздықтап, қазір қайта тұтанудың алдын алу үшін ғимаратты салқындату шараларын жүргізуде.

Қауіпсіздік қызметінің дерегінше, алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына қысқа тұйықталу себеп болуы мүмкін. Қазір криминалистикалық сараптама мамандары оқиға орнында тергеу жүргізіп жатыр.

Тегтер: