Газаға көмек: экобелсенді Грета Тунберг отырған кеме жарты жолдан кері қайтты

Автор: Темірхан Айжан

Белсенділер Израиль блокадасын бұзып өткісі келген 

Фото: Reuters

Израиль армиясының әскери қызметкерлері Жерорта теңізі арқылы Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізбек болған Madleen кемесіне қарсы тұрды. Кеменің бортында экобелсенді Грета Тунберг пен тағы 11 халықаралық белсенді болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ВВС-дің жазуынша, Израиль билігі бұған дейін кеменің Газа жағалауына жетуіне жол бермейтінін ескерткен. Израиль сыртқы істер министрлігі Madleen-ді «селфи-яхта» деп атап, оның миссиясын «ақпараттық арандатушылық» деп сипаттады.

«Жұлдыздардың селфи-яхтасы Израиль жағалауына бағыт алды. Жолаушылар өз елдеріне қайтарылады», - делінген министрліктің мәлімдемесінде.

Израиль тарапының мәліметінше, кемеде «бір жүк көлігіне де жетпейтін» гуманитарлық көмек болған. Министрлік соңғы екі аптада Израильден Газаға 1200-ден астам жүк көлігі гуманитарлық көмек жеткізгенін, сондай-ақ волонтерлердің 11 миллион тәрелке тамақ таратқанын хабарлады.

«Гуманитарлық көмекті жеткізудің Instagram-дағы селфи жасауды қажет етпейтін жолдары бар», -деп мәлімдеді министрлік өкілдері.

Олар белсенділер кемесінен алынған гуманитарлық көмектің Газаға ресми арналар арқылы жеткізетіндерін айтты. Freedom Flotilla Coalition коалициясы Telegram-дағы хабарламасында Madleen кемесімен байланыс үзілгенін мәлімдеді.

Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац Х әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемесінде Израиль қорғаныс армиясына кеменің Газа жағалауына жетуіне жол бермеу туралы бұйрық бергенін хабарлады. Министр Тунберг пен өзге белсенділерге «Газаға жете алмайсыздар, кері қайтыңыздар» деп ескерту жасады.

«Израиль лаңкестік ұйымдарға көмек көрсетуді көздейтін кез келген әрекетке, теңізде, әуеде немесе құрлықта, қарсы тұрады», - деді Кац.

Madleen кемесі Сицилиядан шыққан. Белсенділердің мақсаты Израильдің Газаға қатысты теңіз блокадасын бұзып, анклавқа гуманитарлық көмек жеткізу болған.

Мамыр айында Freedom Flotilla коалициясының тағы бір кемесі халықаралық суларда дрон шабуылына ұшыраған болатын. Белсенділер шабуылға Израильді айыптады. 2010 жылы да Флотилия еркіндігі коалициясы ұқсас жағдайға тап болып, Израиль тарапынан тоқтатылған. Ол кезде де қақтығыс болып, адам өлімі тіркелген.

Халықаралық гуманитарлық ұйымдар Израильдің екі ай бұрын енгізген Газа блокадасын тоқтатуға шақырып отыр. Израиль болса, блокаданың мақсатын «ХАМАС-қа қысым көрсету және тұтқындарды босату» деп айтып ақталған. Алайда БҰҰ мен басқа ұйымдар бұл әрекеттерді халықаралық құқыққа қайшы екенін айтты. Қызыл Крестің хабарлауынша, Газа секторында азық-түлік, жанармай, дәрі-дәрмек және ауызсу қоры таусылып барады.