Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев ұзақ мерзімге сотталды
Оның мүлкі тәркіленеді, мемлекеттік наградаларынан айырылады

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев 11 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Kaktus.media-ға сілтеме жасап.
Бүгін Бішкектің Бірінші май аудандық сотында бірнеше қылмыстық іс, соның ішінде бес жылға созылған Қой-Таш оқиғасы бойынша сот процесі жалғасты.
Кеңесу бөлмесінен оралған судья Әзірет Медеров экс-президент Алмазбек Атамбаевты 11 жыл 3 айға соттауға үкім шығарды. Оның мүлкі тәркіленеді, мемлекеттік наградаларынан айырылады.
Сондай-ақ Атамбаевтың серіктестеріне де үкім шықты:
- Фарид Ниязов – 7 жыл 8 ай;
- Равшан Жээнбеков – 7 жыл 8 ай;
- Атамбаевтың бұрынғы оққағары Қанат Сағымбаев – 7 жыл 6 ай. Бірақ бас бостандығынан айырудан 5 жылға пробациялық бақылауға жіберілді;
- Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің бұрынғы басшысы Абдылда Суранчиев - ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жазасыз қалды;
- Нарын облысы губернаторының бұрынғы орынбасары Исабек Әбдіғазиев - ескіру мерзімінің өтуіне байланысты жазасыз қалды.
Бұлардан бөлек, тағы бірнеше адам сотталды.
Еске сала кетейік, 2019 жылдың 7 тамызында Қырғызстанның арнайы жасағы Алмазбек Атамбаевтың Қой-Таштағы резиденциясын шабуылмен алуға тырысқан болатын. Келесі күні арнайы жасақ Атамбаевты резиденциясынан алып шықты.