Түркияда Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің екінші кезеңі өтеді

Автор: Темірхан Айжан

Киев Ресейден бейбіт меморандум жобасын күтіп отыр

Фото: REUTERS/Anatolii Stepanov

Бүгін Түркияның Ыстанбұл қаласында Ресей мен Украина арасындағы бейбіт келіссөздердің екінші кезеңі өтеді. Мәскеу уақытымен 13:00-де басталуы жоспарланған жиынға екі тараптың жоғары лауазымды делегациялары қатысады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ресей делегациясын президент көмекшісі Владимир Мединский бастап келді, Украина тарапынан келіссөзге қорғаныс министрі Рустем Умеров жетекшілік етеді. Сонымен қатар украин делегациясы құрамында сыртқы істер министрінің орынбасары, әскери және барлау өкілдері бар.

Бұл кездесуде атысты тоқтату туралы меморандумға қол қою жоспарланған. Ресей Киевтің ұсынысын алғанымен, өз жауабын әзірге айтпады. Кремльдің бас келіссөз жүргізушісі Мединскийдің айтуынша, Ресей жауабын дүйсенбіде жолдайды.

Киевтің бейбіт ұсыныстарының негізгі тармақтарын Reuters ақпарат агенттігі жария еткен еді. Онда:

  • Атысты толық тоқтату,
  • Тұтқындар алмасу,
  • Украинаға халықаралық қауіпсіздік кепілдіктерін беру,
  • «Заңсыз әкетілген» балаларды қайтару туралы жазылған. 

Келіссөздердің келесі кезеңінде Владимир Путин мен Владимир Зеленскийдің тікелей кездесуі қарастырылған. Оның ауқымы үлкейіп, Германия, Франция және Ұлыбритания елдерінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшілері қосылуы ықтимал. АҚШ-тың қандай деңгейде қатысатыны әзірге белгісіз.

Алғашқы келіссөз кезеңі 2025 жылғы 16 мамырда өткен еді. Нәтижесінде ірі тұтқын алмасу жүрді, бірақ атысты тоқтату не болмаса бейбітшілік орнатудың белгісі де байқалмады.

Бейбіт келісім идеясы алғаш рет президент Владимир Путин тарапынан ұсынылған болатын. Алайда Украина мен бірқатар еуропалық мемлекет атысты біржақты тоқтатуды талап етіп, Кремльдің шарттарын қабылдамаған. Путин соғысты тоқтату үшін Украинадан

  • НАТО-ға мүше болудан бас тартуды,
  • Ресей бақылауындағы төрт аймақтан әскерін толық шығаруды талап еткен.

Қазіргі таңда Киев Ресейден бейбіт меморандум жобасын күтіп отыр. Түркиядағы кездесу осы құжат алмасу мен бейбіт шарттарды нақтылау жолындағы маңызды кезең болуы мүмкін.