Румыниядағы президент сайлауында Бұхарест мэрі жеңіске жетті

Автор: Аягөз Құрмаш

Сайлауда ол 54 пайыз дауыс жинады

Фото: DANIEL MIHAILESCU/AFP via

Бұхаресттің либералды-прогрессивті мэрі Никушор Дан Румыниядағы президенттік сайлаудың екінші турында жеңіске жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сайлау бюллетеньдерінің 99 пайызы есептеліп болғаннан кейін, Никушор Дан 54 пайыз дауыс жинап, саясаткер Джордже Симионды (46%) артта қалдырды.

Экзитпол нәтижесі де жеңісті болжады

CURS және Avangarde ұйымдары жүргізген экзитпол нәтижелері де Данды жеңімпаз деп көрсеткен болатын. Бұл болжамдар сайлау нәтижесімен сәйкес келді.

Симион алғашында жеңісті мойындамады

Сайлау учаскелері жабылғаннан кейін Джордже Симион алғашында сайлау нәтижесін жоққа шығарып, өзінің жеңіске жеткенін жариялаған. Ол Бұхарестегі жақтастарының алдында сөз сөйледі.

«Біз – бұл сайлаудың айқын жеңімпазымыз. Бұл жеңісті румын халқының атынан жариялаймыз», – деп мәлімдеді.

Сол сәтте ол Facebook және X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желілерінде де жеңіс туралы жазбалар жариялады. Алайда кейінірек ресми нәтижелерді мойындап, Никушор Данды құттықтады.

«Ол жеңіске жетті. Бұл – румын халқының таңдауы», – деп жазды Симион.

Бірінші турда Симион көш бастаған болатын

Президенттік сайлаудың бірінші кезеңі 4 мамыр күні өтті. Онда Симион шамамен 41 пайыз, ал Дан 20,99 пайыз дауыс жинаған еді. Алайда екінші турда либералды күштердің бірігуі Данды алға шығарды.