Сот шамамен екі айға созылады
Атақты америкалық рэпер P.Diddy (Шон Комбсқа) қатысты сот отырысының алғашқы кезеңі аяқталды. Сотта оның бұрынғы сүйіктісі Кассандра Вентураны ұрып-соққан видеосы таралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дидди, Пафф Дэдди және Пи Дидди есімдерімен танымал Шон Комбс зорлау, сексуалдық зорлық-зомбылық, жыныстық мақсатта адам саудалау мен жезөкшелікке тарту, қудалау, қамауда ұстау бойынша айыпталған. Ол барлық айыптауларды жоққа шығарып отыр. Ұзақ жылдар бойы музыка индустриясында ең ықпалды тұлғалардың бірі болған Комбс енді өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
ВВС-дің жазуынша, сотқа 12 алқаби қатысып жатыр. Рэперді қолдауға анасы Дженис пен балалары келген.
«Мәдениет саласының иконасы, кәсіпкер, абыройлы тұлға болған Шон Комбс қылмыстық ортаны басқарды. Сот барысында сіздер оның 20 жыл бойы жасаған қылмыстары туралы білесіздер. Ол жалғыз әрекет еткен жоқ, оның жанында қылмыс жасауға және жасыруға көмектескен күзетшілер мен көмекшілері болды»,- деді прокурор Эмили Джонсон.
Прокурордың айтуынша, Шон Комбс көңіл көтеру кештерін ұйымдастырып, әйелдерге есірткі беріп, бейтаныс ер адамдармен жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрленген. Комбс бұрынғы сүйіктісі Кассандра Вентураны осы кештерге араластырған. Ол болған оқиғаларды камераға түсіріп, Вентураны ұрып-соғып, бопсалаған.
Кассандра Вентура Комбстың Bad Boy Records лейблінде жұмыс істеген және онымен 10 жылдан астам уақыт бойы кездескен. Ол 2023 жылдың күзіне қарай Комбсқа қарсы сотқа жүгінді.
Сот отырысында 2016 жылы Лос-Анджелестегі InterContinental қонақүйінің дәлізінде Шон Комбстың Кэсси Вентураға шабуыл жасаған видеосы көрсетілді. Бұл видео алғаш рет өткен жылдың мамыр айында CNN-де де тараған еді.
Онда рэпердің Вентураны итеріп жіберіп, теуіп, сүйреп, оған ваза лақтырған сәттері бейнеленген. Ол бірнеше жыл бойы экс-сүйіктісін 1 сағаттан 10 сағатқа дейін қорлап, жиренішті істерін видеоға түсіріп отыруды әдетке айналдырған. Видеоға түсірген адамға ақысын төлеп отырған.
Манхэттендегі сот процесі шамамен екі айға созылуы мүмкін.
Еске салсақ, танымал америкалық рэпер P. Diddy 2011 жылы Алматыдағы №2 балалар үйіне келген болатын. Puff Daddy балаларды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, оларға музыкалық орталық, теледидар, караоке жүйесі, соңғы альбомы бар CD-дискілер және Sean John жеке брендінің 75 күйтабағын берген болатын. Былтыр күзде ұсталған P. Diddy ісінде жыныстық зорлық-зомбылықтың 50-ден астам құрбаны бар.