Сүйіктіңнен бас тарт не жұмыстан кет - АҚШ өз азаматтарының жеке қарым-қатынасына қатысты бұйрық шығарған

Автор: Темірхан Айжан

Бұл туралы журналистерге аноним қызметкерлер айтып берген 

Фото: АР

АҚШ үкіметі Қытайда мемлекеттік қызметте істейтін азаматтарына қытайлықтарға ғашық болып, жақын қарым-қатынас құруға тыйым салған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

АР жазғандай, тыйым салынғандар қатарында мемлекеттік қызметкершілерден өзге, олардың отбасы мүшелері, АҚШ-тың мемлекеттік құпия ақпаратынан хабардар мердігерлер де бар. Оларға Қытай азаматтарымен романтикалық және жыныстық қатынас құруға болмайды.

Ақпарат агенттігіне есімдерін жасырған 4 беделді адам осы мәселе туралы айтып берген. Олардың дерегінше, мұндай бұйрық қаңтар айында АҚШ елшісі Николас Бернс кетер уақытта күшіне енген. Заңды бұзғандар дереу Қытайдан кетуі керек.

Ереже қабылданбай тұрып, Қытай азаматымен қарым-қатынаста болған қызметкер болса, ол бұл бұйрықтан өзін босатуын сұрау керек. Оның өтініші қабылданбаса алдында екі жол ғана қалады: сүйген адамынан немесе жұмыстан бас тарту.

Бұйрық Қытайдағы америкалықтарға ауызша және электронды түрде айтылған, бірақ көпшілікке жария болған жоқ.

АР АҚШ-тың мемлекеттік органдарына, Қытайдағы бұрынғы елші Николас Бернсқа да сауал жолдап, жауап ала алмаған. Ал Қытай тарапы «бұған Америка өзі жауап берер» деп қысқа қайырған.