АҚШ Иранның ядролық нысандарына соққы жасауға дайындалып жатыр

Автор: Аягөз Құрмаш

Сирия, Иран және Ирактағы әуе шабуылдарының салдарынан Иранның әуе қорғаныс жүйелері әлсіреген

Фото: https://img.tsargrad.tv

АҚШ алдағы апталарда Иран аумағындағы ядролық нысандарға әуе соққысын жасауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы The Daily Mail басылымы израильдік саясаткерлер мен әскери шенеуніктердің анонимді дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

Израиль үкіметіндегі жоғары лауазымды шенеуніктің айтуынша, бұл қадамның уақыты әлдеқашан келген.

«Бұл қадамды жүзеге асыратын уақыт жетті. Бұл – Израиль мен әлемдегі тұрақтылық үшін маңызды шешім», – деді ол.

Израильдің дипломатиялық топтарындағы дереккөздерге сәйкес, ел билігі Дональд Трамптың Ақ үйге қайта оралуын Иран мәселесін шешуге ең тиімді уақыт деп санайды.

Сондай-ақ, Израиль әскери өкілдерінің айтуынша, соңғы бір жыл ішінде Сирия, Иран және Ирактағы әуе шабуылдары нәтижесінде Иранның әуе қорғаныс жүйелері әлсіреген, бұл ауқымды әскери операция жүргізуге мүмкіндік береді.

The Daily Mail мәліметінше, АҚШ-тың Иранға шабуыл жасауға дайындалып жатқанының дәлелі ретінде стратегиялық B2 Spirit бомбалаушыларының америкалық-британдық Диего-Гарсия әскери базасына орналастырылуын атап өтуге болады. Қазіргі таңда бұл базада жеті стратегиялық бомбалаушы ұшақ және жанармай құю ұшақтары шоғырланған.