АҚШ-тағы ұшақ апатына Байден мен Обаманың қандай қатысы бар - Трамп кінәлілерді тапты

Автор: Темірхан Айжан

Ол бұрынғы президенттерді айыптап жатыр 

Фото: BBC

АҚШ президенті Дональд Трамп 67 адамның өмірін қиған әуе апатына экс-президент Байденнің саясатын кінәлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ВВС-ге сілтеме жасап.

«Біз апатқа не себеп болғанын білмейміз, бірақ бірнеше нақты пікіріміз бен идеямыз бар», - деді ол Ақ үйдегі сөзінде.

Ол әуе қозғалысын басқару диспетчерлерін қызметке алудың талаптары нашарлап кеткенін айтып, оған бұрынғы президенттер Джо Байден мен Барак Обаманың «Әртүрлілік, теңдік және инклюзия» (DEI) саясатын кінәлады. DEI – бұл гендерлік тобына және этникалық тегіне қарамастан қоғамдағы барлық топқа тең мүмкіндіктер беру үшін жасалған әлеуметтік стратегия. Трамп пен республикашылдар өкілдері федералды Үкіметтегі «Әртүрлілік, теңдік және инклюзия» бағдарламасын үнемі сынға алатын. Трамп командасымен билікке келген алғашқы күннен-ақ «америкалықтарды жік-жікке бөліп бітті» деп, осындай бағдарламаларды алып тастауға күш салып жатыр.

АҚШ президенті, қорғаныс министрлігі, көлік министрлігі бір тәулік өтпей жатып, он жылдан аса уақыттан кейінгі болған аса ауыр әуе апатына қатысты өз пікірлерін білдірген. Олар апатқа әуе қозғалысын басқару диспетчерлерін қызметке алудың талаптары нашарлап кеткенін айтса да, оған ешқандай айғақ келтірмеген.

Трамптың айтуынша, «DEI» саясатына сүйенген федералды авиация әкімшілігі кадрларды жасақтағанда физикалық кемтарлығы бар адамдарға артықшылық берген, оның ішінде психикалық проблемалары, есту, көру кемдігі бар немесе паралич, эпилепсиямен ауыратын адамдар бар. АҚШ президенті «әуе диспетчерлері табиғанынан талантты, мықты» болуға тиіс екенін айтқан.

Федералды авиация әкімшілігі «Әртүрлілік, теңдік және инклюзия» бағдарламасы бойынша қызметкерлер алғанын жасырмайды, бірақ Трамп айтқандай оның әуе диспетчерлеріне қатысы жоқ. АҚШ авиациясында 35 мың адам жұмыс істейді, оның ең аз бөлігін диспетчерлер құрайды.

Былтыр да Федералды авиация әкімшілігі осындай сынға жауап беріп, «бүкіл қызметкер белгілі бір лауазымға алынғанда, мұқият тексерістен өтеді» деген.

Шындығында, федералды авиация әкімшілігінде әуе диспетчерлері жетіспейді. Апат болған күні Рональд Рейган әуежайында жұмыс уақытында қызметкерлер саны аз болған деген ақпарат бар.

Трамп сонымен бірге, Байденнің кезіндегі көлік министрі болған Пит Буттиджичті «министрліктің түбіне жетті, былықтырды» деп айыптады. Буттиджич әлеуметтік желіде Трампқа жауап қайтарды: «Қаза болғандардың жақындары аза тұтып жатқанда, Трамп жалған сөйлемей, жұмысын атқарғаны жөн болар» деп жазды ол.

Бейсенбінің кешінде Трамп федералды авиация әкімшілігінің басшысын ауыстыруға жарлық беріп тастады.