БҰҰ Бас хатшысы Қазақстандағы ұшақ апатына қатысты көңіл айтты
Ол зардап шекккендердің тезірек сауығып кетуін тілеген
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Ақтау қаласы маңындағы «Әзірбайжан әуе бағыттары» (AZAL) ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Бас хатшының орынбасары Стефани Трембле мәлім етті.
«Бас хатшы Әзербайжан, Қазақстан және Ресей азаматтарын қоса алғанда, көптеген құрбанға әкеп соққан Қазақстанның батысындағы ұшақ апаты жайлы хабарға қатты қайғырды», - делінген хабарламада.
Бас хатшы қаза тапқандардың отбасыларына шын жүректен көңіл айтып, барлық зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуін тіледі.
Айта кетейік, 25 желтоқсанда Бакуден Грозныйға бара жатқан AZAL әуекомпаниясының Embraer Е-190 ұшағы Қазақстандағы Ақтау қаласының маңында апатқа ұшырады. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 адам жарақат алды.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің бұйрығымен 26 желтоқсан Аза тұту күні ретінде жарияланды.