Алдын ала мәлімет бойынша, 17 адам қаза тапқан
Ресейдің Кемерово облысындағы Ягуново ауылы маңында ұшақ апатқа ұшырады. Оқиға орнына өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері жеткен. Қаза тапқандар бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыс губернаторы Илья Середюк авиациялық оқиғаның болғанын растап, оқиға орнына өзі де жолға шыққанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір жедел қызмет өкілдері жұмыс істеп жатыр, ал өңір тарапынан қажетті көмек көрсетілуде.
«Ягуново ауылының маңында авиациялық оқиға болды. Оқиға орнына бара жатырмын. Қазір мұнда жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Өңір тарапынан қажетті көмек көрсетілуде», – деп жазды губернатор.
Mash Telegram арнасы таратқан мәліметке сәйкес, апатқа ұшыраған ұшақ – Ан-12. Алдын ала мәлімет бойынша, 17 адам қаза тапқан.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, ұшақ әуеде келе жатқанда өртеніп, кейін күрт төмен құлдилап, жерге құлаған кезде жарылған.
Shot Telegram арнасы Ан-12 ұшағының апатына қозғалтқыштың өртенуі себеп болуы мүмкін екенін жазды. Арна мәліметінше, ұшақтың бір қозғалтқышы әуеде тұтанып, содан кейін әуе кемесі күрт төмендей бастаған.