Трамп Nvidia басшылығына Тим Кукты ұсынды

Автор: Алмас Ерсін

Компания әзірге шешім қабылдаған жоқ

Фото: Saul Loeb/AFP/Getty Images

АҚШ президенті Дональд Трамп Nvidia компаниясының басшысы Дженсен Хуанг қызметінен кеткеннен кейін оның орнына Apple компаниясының бұрынғы бас директоры Тим Кукты ұсынды. Бұл туралы ол Truth Social желісінде жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Reuters-ке сілтеме жасап.

Трамп Дженсен Хуангтың жұмысын жоғары бағалап, оның орнын баса алатын жалғыз адам Тим Кук екенін айтқан.

«Бір аңыздың орнын екінші аңыз басады!» – деп жазды АҚШ президенті.

Алайда Трамптың бұл мәлімдемесі Тим Куктың Nvidia басшылығына тағайындалғанын білдірмейді. Компания әзірге Дженсен Хуангтың орнына келетін тұрақты басшыны жариялаған жоқ.

Айта кетейік, Тим Кук қазір Apple компаниясының бас директоры емес. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап компанияны Джон Тернус басқарады. Ал Кук директорлар кеңесінің атқарушы төрағасы қызметіне ауысқан. Apple бұл өзгерісті сәуір айында жариялаған. Тим Кук 2011 жылдан бері компанияны басқарған.

Бұған дейін Reuters агенттігі Хуангтың орнына келуі мүмкін компанияның екі ішкі үміткерін атаған. Олар – қаржы директоры Колетт Кресс пен жасанды интеллект өнімдерінің гиперскейл бағытын басқаратын Иэн Бак.

Колетт Кресс Nvidia компаниясында 2013 жылдан бері жұмыс істейді. Сарапшылар оның қаржыны басқару тәжірибесі мен инвесторлармен тығыз байланысын атап өткен. Ол Хуангпен бірге тоқсандық қаржылық есептерді талқылауға тұрақты қатысып келген.

Ал Иэн Бак компанияға 2004 жылы қосылған. Ол графикалық процессорларды, соның ішінде жасанды интеллект әзірлеу кезінде есептеулер жүргізуге мүмкіндік беретін CUDA бағдарламалық платформасын жасауға атсалысқан.

Reuters сауалнама жүргізген сарапшылардың пікірінше, оның техникалық тәжірибесі компанияның жаңа басшысын таңдауда маңызды болуы мүмкін.

Сондай-ақ ықтимал сыртқы үміткерлер қатарында бұрын Nvidia компаниясында жұмыс істеген Arm басшысы Рене Хаастың есімі аталды. Дегенмен бұл есімдер компанияның ресми үміткерлер тізімі емес