Вьетнамның Нячанг курортында бірнеше туристің денсаулығы нашарлағаны хабарланды. Олардың арасында бала да бар, алайда аурудың нақты себебі әзірге белгісіз
Ресейдің Telegram-арналарында Вьетнамға барғаннан кейін сырқаттанған туристер туралы ақпарат тарады. Туристердің бірінің айтуынша, қызының кешке мұрны бітеліп, ал таңертең дене қызуы көтеріліп, басы қатты ауырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
SHOT Telegram-арнасының мәліметінше, ауру ошағы елдегі негізгі туристік курорттардың бірі – Нячанг қаласында орналасқан көрінеді. Әлеуметтік желілерде баланың ауруханаға жатқызылғаны туралы ақпарат тарады. Жергілікті дәрігерлер курортта осындай бірнеше жағдай тіркелгенін хабарлағанымен, вирустың нақты түрін анықтай алмаған.
Тағы бір турист – Мәскеудің 39 жастағы тұрғыны – үш аптадан бері қатты жөтелден зардап шегіп жүргенін айтқан. Алайда дәрігерлер оған нақты диагноз қоя алмаған.
Туристер вирустың кондиционердегі микробтар арқылы таралуы мүмкін деген болжам айтқан. Алайда Ресей туриндустриясы одағы (РСТ) Вьетнамда ресейліктер арасында белгісіз вирустың өршуі туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«Вьетнамдағы ұйымдасқан туристік топтардан ауруға қатысты жаппай шағым түскен жоқ. Сақтандыру компаниялары да жаппай өтініштерді тіркеп отырған жоқ», – деп жазылған РСТ мәлімдемесінде.