Иран АҚШ-қа қатаң ескерту жасады: Еуропадағы базаларға соққы жасалуы мүмкін
Иран депутаты АҚШ-тың Еуропадағы әскери базаларын пайдалануға берген елдерді де жауапты деп санайды
Иран жаңа шабуыл жасалған жағдайда Еуропадағы АҚШ әскери базаларына соққы беруі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Иран депутаты Манучехр Моттаки Tabnak басылымына берген сұхбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, Ұлыбритания, Италия, Португалия және Германия сияқты бірқатар ел АҚШ-тың Иранға қарсы операцияларға дайындық жүргізетін әскери ұшақтарына өз базаларын пайдалануға берген.
Депутат бұл мемлекеттер де АҚШ-тың әрекеттері үшін жауапты деп санайды.
«Географиялық шектеулердің алынып тасталуының мәні біздің ұшақтарымызға, елімізге, шетелдік тараптарға және жауларымызға түсінікті. Бұл соғыс басталған жағдайда оның енді аймақтық емес, трансұлттық сипат алатынын білдіреді. Өйткені географиялық шектеулер болмайды», – деді Моттаки.
БАҚ мәліметінше, АҚШ қысқа мерзім ішінде Иранға соққы беруге жеткілікті әскери күшін Таяу Шығысқа шоғырландырған. Сарапшылар шабуыл нысанасына Иранның ядролық нысандары, соның ішінде зерттеу орталықтары да ілігуі мүмкін деп болжайды.