АҚШ президенті апаттан 1 сағат бұрын курорттан шығып кеткен
Флорида штатында бизнес-джет құлап, борттағы тоғыз адамның бәрі қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ВВС мәліметіне сүйенсек, ұшақ Палм-Бич округіндегі Крестхейвен елді мекенінің маңында, президент Дональд Трамптың Мар-а-Лаго курортынан шамамен 14 шақырым жерде апатқа ұшыраған. Ұшақ бөліктері түскен жерде үлкен шұңқырлар пайда болып, өртке оранған.
АҚШ Федералды авиация басқармасының мәліметінше, ұшақ Техас штатындағы Остин қаласынан ұшып шығып, Багам аралдарына бағыт алған. Бизнес-джет апатқа дейін бірнеше секунд бойы өте қатты жылдамдықпен төмендеген. Әуе диспетчерлерінің аудиожазбаларында әуелі ұшақтың минутына 3 мың метр жылдамдықпен төмендеп бара жатқаны, кейін минутына 6 мың метр жылдамдықпен құлдилағаны айтылған.
Флорида губернаторы Рон Десантис апаттан кейін өткен баспасөз мәслихатында
«Видеода ол құлдилап бара жатқан зымыранға ұқсады. Содан кейін қатты жарылыс болып, ұшақтың бөлшектері жан-жаққа шашырады», – деді ол.
Әзірге ұшақ бортында болған адамдардың кім екені белгісіз. Губернатордың айтуынша, жердегі тұрғындар арасында қаза тапқандар немесе жарақат алғандар туралы мәлімет түспеген.
Апаттың салдарынан инфрақұрылымға, соның ішінде су құбырларына зақым келген. Билік өкілдерінің мәліметінше, кемінде 30 күнге дейін жол жабылады.
Айта кетейік, жексенбі күні таңертең Дональд Трамп Мар-а-Лаго курортында болған. Ол апатқа шамамен бір сағат қалғанда жақын маңдағы әуежайдан президенттік ұшақпен ұшып кеткен.