31.10.2026, 23:21
Әлем

ДДСҰ: Әлемде коронавирустың жаңа, көп мутацияға ұшыраған штамы таралып жатыр

Жаңа штамм АҚШ, Канада және Еуропа елдерінде анықталған. Қазақстанда әзірге тіркелмеген

ДДСҰ: Әлемде коронавирустың жаңа, көп мутацияға ұшыраған штамы таралып жатыр
Фото: © freepik.com / recstockfootage

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Ресейдегі өкілдігі коронавирустың жаңа PJ.2.1 нұсқасының халықаралық деңгейде таралу қаупі артып келе жатқанын ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ДДСҰ-ға сілтеме жасап.

PJ.2.1 алғаш рет 2026 жылдың мамыр айында Канадада анықталған. Ол бірнеше жылдан бері айналымда жүрген «Омикрон» тобына жатады. Осы топқа мамандарға 2025 жылдың қаңтарынан бері белгілі «Стратус» (XFG) нұсқасы да кіреді.

Мутация саны көп болғанына қарамастан, жаңа SARS-CoV-2 нұсқасы басқа түрлерімен салыстырғанда ауруды ауырлатады деген әзірге нақты дәлел жоқ.

Қазіргі уақытта вирус бірнеше құрлыққа таралып үлгерген. Ол АҚШ, Канада және Еуропа елдерінде белсенді айналымда жүр. Ресейдің Тұтынушылар құқығын қорғау және адам әл-ауқатын бақылау жөніндегі федералдық қызметінің (Роспотребнадзор) мәліметінше, елде бұл штамды жұқтыру жағдайлары әзірге ресми тіркелмеген. Дегенмен мониторинг жедел режимде жүргізіліп жатыр.

Қазақстанда да бұл нұсқа әзірге анықталған жоқ.

«Штаммның адам жасушаларына ену қабілеті едәуір артқан. Сондай-ақ ол қалыптасқан иммундық жауаптан тиімдірек айналып өтуге көмектесетін мутацияларды жылдам жинақтайды. Адамдардың шекарааралық қатынасы күшейген сайын вирустың басқа елдерге де жету қаупі артып отыр», - деп атап өтті ұйым.

ДДСҰ қазіргі уақытта SARS-CoV-2-нің басқа белгілі нұсқаларымен салыстырғанда PJ.2.1 ауруды ауырлатады немесе өлім-жітімді арттырады деген клиникалық деректер жоқ екенін атап өтті. Бұл штамм пневмония мен тыныс алу жеткіліксіздігі жағдайларының көбеюіне де себеп болып отырған жоқ.

Жаңа нұсқаға қатысты осал топқа әдеттегідей 60 жастан асқан адамдар жатады.

Мақалада
#әлем #вирус #ДДСҰ