Бүгін, 00:39
Әлем

Мәйітті тоңазытқышқа жасырған: сүйіктісін қызғанған еркек ауыр қылмысқа барды

Аргентинада екі баланың анасы жоғалып кеткеннен кейін екі аптаға жуық уақыт өткенде оның мәйіті бірге тұрған ер адамның үйіндегі тоңазытқыштан табылды

Мәйітті тоңазытқышқа жасырған: сүйіктісін қызғанған еркек ауыр қылмысқа барды
Фото: istockphoto.com

Аргентинада 24 жастағы сүйіктісін өлтірді деген күдікпен 37 жастағы ер адам ұсталды. Екі баланың анасы жоғалып кеткеннен кейін шамамен екі апта өткенде оның мәйіті тоңазытқыштан табылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Need To Know басылымының жазуынша, Камила Белен Иглесиас 2 қазаннан бастап жақындарымен байланысқа шықпай кеткен. Бірнеше күннен кейін туыстары полицияға жүгінген.

Тергеу барысында прокурорлар Крус-дель-Эхе қаласындағы үйді тінтуге рұқсат берген. Камила сол үйде азаматтық некедегі күйеуі Пабло Эсекиэль Гомеспен бірге тұрған.

«Құқық қорғау органдары тоңазытқыштың ішінен сөндірілген әкке ұқсас затпен көмілген адам сүйектерін тапты. Мәйіт Кордова сот-медициналық институтына сараптамаға жіберілді. Қылмыс орнынан киім-кешек, құжаттар, сұйықтық үлгілері және сынған ұялы телефон да тәркіленді», – делінген хабарламада.

Мәйіт табылғанға дейін бірнеше күн бұрын Гомес күдікті ретінде назарға ілікпеуге тырысқан. Ол марқұмның әпкесі Роминаға Камиламен ұрысып қалғанын, содан кейін әйелдің белгісіз бағытқа кетіп, қоңырауларға жауап бермей қойғанын жазған.

Алайда күдіктінің туыстары тергеушілерге басқа мәлімет берген. Олардың айтуынша, Гомес үйден кетер алдында «үлкен қателік жасағанын» айтып, мәйітті жасырған жерді көрсететін жазба қалдырған.

Ер адам 19 қазанға қараған түні Малагеньо қаласында ұсталды. Тергеу деректеріне сәйкес, ол демалыс күндері Вилья-Карлос-Пас қаласында жасырынып, кейін анасының танысының үйіне жаяу барған. Ұстау кезінде қарсылық көрсетпеген, жанынан қару табылмаған. Оған ауырлататын мән-жайлар бойынша кісі өлтірді деген айып тағылды.

Марқұмның әпкесі Роминаның айтуынша, Гомес шамадан тыс қызғаншақ болған әрі Камиланың өмірін қатаң бақылауда ұстаған.

«Ол өте қызғаншақ, өзіне сенімсіз адам еді. Үйге ешкімнің келгенін қаламайтын, тіпті Камиланың өз балаларымен кездесуіне де тыйым салған», – деді Ромина жергілікті БАҚ-қа.

Ерлі-зайыпты шамамен бір жыл бірге тұрған. Марқұмның бұрынғы қарым-қатынасынан екі баласы қалған. Тергеу мәліметінше, 2022 жылы Гоместің бұрынғы сүйіктісі де оның үстінен полицияға арыз жазған. Сол кезде ер адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған.