Қызылша індеті өршіп тұр: 1200-ге жуық адам қайтыс болды

Автор: Алмас Ерсін

Бангладеште қызылшадан көз жұмғандардың 94%-ы – бес жасқа толмаған балалар

Фото: istockphoto.com

Бангладеште қызылша індетінен қайтыс болғандардың 94 пайызы – бес жасқа толмаған балалар. Ел биыл әлемдегі ең ірі қызылша өршуімен бетпе-бет келіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметінше, наурыз айының ортасынан 9 қазанға дейін елде қызылшаға қатысты 202 мың болжамды жағдай тіркелген. Оның 22 мыңы зертханалық жолмен расталған.

Мәліметке сәйкес, елдегі саяси тұрақсыздықтан кейін вакцинация жұмыстарының жүргізілуінде қиындықтар туындаған. Медицина қызметкерлері ереуілге шығып, вакциналарды сатып алу мен жеткізу жұмыстары кешіккен.

2025 жылы қызылшаға қарсы вакцинаның алғашқы дозасын алған балалардың үлесі 90 пайызға, екінші дозаны алғандардың үлесі 86 пайызға дейін төмендеген. Ал аурудың жаппай таралуына жол бермеу үшін вакцинациямен қамту көрсеткіші кемінде 95 пайыз болуы қажет.

ДДСҰ-ның вакциналар жөніндегі кеңесшісі, Нью-Йорк университетінің профессоры Марк Джит қазіргі жағдайды «әрбір ел үшін маңызды ескерту» деп атады.

Миллиондаған бала вакцина алмай қалған

Сәуір-мамыр айларында шұғыл вакцинация науқаны аясында 20 миллионға жуық балаға екпе салынған. Алайда науқан барлық баланы қамтымаған. Кейінгі деректер тізімге миллиондаған баланың енгізілмей қалуы мүмкін екенін көрсетті.

Шалғай ауылдардағы кейбір ата-аналар Reuters агенттігіне медицина қызметкерлері баласы қызылшадан қайтыс болғаннан кейін ғана үйлеріне келгенін айтқан.

Қыркүйек айының соңында билік вакцинациядан тыс қалған 3,4 миллион балаға екпе салу науқанын бастады.

Ауруханалардағы жүктеме де арта түскен. Журналистер Силхет қаласындағы ауруханалардың біріне барған күні 100 орынға есептелген стационарда 178 науқас жатқан. 

Қыркүйек айында Бангладеште қызылша індетінен қайтыс болғандар саны 999-ға жеткен болатын. Ол кезде де ауруханалар лық толып, Дакка қаласындағы медициналық мекемелердің бірінде науқастардың бір бөлігі еденге жатқызылған.

Қызылша індеті АҚШ-та да тіркеліп жатыр. Қазан айының басында Нью-Йорк штатының билігі аурудың таралуына байланысты төтенше жағдай жариялаған. Сол кезде штатта қызылшаның 108 жағдайы тіркелген. Олардың басым бөлігі вакцинациямен қамту деңгейі төмен ауылдық аудандарда анықталған.