Айласын асырған ұрылар бірнеше минуттың ішінде банкоматты түгін қоймай тонаған
Үндістанның Телангана штатында белгісіз адамдар жедел жәрдем көлігімен келіп, әйелдердің түнгі жейдесін киіп, банкоматты тонаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
NDTV телеарнасының сайтының мәліметінше, оқиға Камаредди ауданында болған. Бейнебақылау камералары түнгі сағат бір шамасында банк бөлімшесіне жедел жәрдем көлігімен келген адамдарды түсіріп алған. Көліктен бетперде тағып, түнгі көйлек киген ер адамдар шыққан.
Қылмыскерлер арнайы кескіш құралдармен банкоматты бұзып, ішіндегі барлық ақшаны алып кеткен. Содан кейін оқиға орнынан ізін суытқан.
Таңертең жергілікті тұрғындар бүлінген банкоматты байқап, полиция шақырған. Қазір криминалистер бейнежазбаларды зерттеп, күдіктілердің кім екенін анықтауға және олардың қозғалыс бағытын бақылауға тырысып жатыр.
Құқық қорғау органдары ұрлық кезінде пайдаланылған көліктің шынымен жедел жәрдем көлігі болған-болмағанын да тексеріп жатыр. Сондай-ақ қылмыскерлер қаланы еркін аралау үшін басқа көлікті жедел жәрдемге ұқсатып бүркемелеген болуы мүмкін деген болжам қарастырылуда.
Ұрланған ақшаның нақты сомасы әзірге анықталған жоқ. Банк қызметкерлері шығын көлемін есептеп жатыр.