Су қысымынан табиғи бөгет бұзылып, елді мекенді су басқан
Непалда табиғи бөгет бұзылып, алапат су тасқыны болды. Салдарынан екі аспалы көпір мен он шақты үй қирап, су электр станциясы зақымданған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy DW-ға сілтеме жасап.
Мәліметке сәйкес, бес адам хабар-ошарсыз кеткен. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер туралы әзірге мәлімет жоқ.
Оқиға ел астанасы Катмандудан шамамен 60 шақырым жерде, Чумнубри ауылында болған. Жергілікті биліктің мәліметінше, тау жыныстарының опырылуы салдарынан Будхи-Гандаки өзенінің арнасы бітеліп қалған. Жиналған су қысымы күшейіп, табиғи бөгетті бұзып өткен. Соның салдарынан төмен қарай қуатты су тасқыны жүрген.
Бар болғаны екі сағаттың ішінде өзеннің бір бөлігіндегі су деңгейі 2 метрден 8,5 метрге дейін көтерілген.
Әскерилер мен полиция тұрғындарды қауіпті аймақтардан тікұшақпен эвакуациялап жатыр. Қазірдің өзінде әуе арқылы шамамен 50 адам қауіпсіз жерге жеткізілген. Табиғи апаттармен күрес жөніндегі ұлттық агенттік өзеннің төменгі ағысындағы аудандар үшін қызыл дабыл жариялады.
Жағдайды өңірдің 2026 жылғы тамыз айының соңындағы жойқын су тасқынынан әлі толық қалпына келмегені қиындатып отыр. Сол кезде Лангтанг-Лирунг мұздығының опырылуынан болған апат салдарынан 1 400-ден астам адам қаза тауып, мыңдаған адам хабар-ошарсыз кеткені хабарланған.