Тағы да шабуыл: Эр-Рияд әуежайы жұмысын тоқтатты

Автор: Алмас Ерсін

Шабуыл туралы хабардан кейін бірнеше әуе компаниясы рейстерін тоқтатып, жолаушыларға әуежайға бармауға кеңес берілді

Фото: istockphoto.com

Эр-Рияд әуежайы жаңа шабуыл туралы хабардан кейін жұмысын тоқтатты. Мәліметке сәйкес, 10 қазан, сенбі күні Эр-Рияд халықаралық әуежайына қайтадан шабуыл жасалған. Шабуылға Йемендегі хуситтер жауапты деп айыпталып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Euronews-ке сілтеме жасап.

Сауд Арабиясы астанасындағы ауруханалардың біріндегі Euronews дереккөзінің хабарлауынша, ондаған адам жарақат алған. Олардың басым бөлігі – Сауд Арабиясының азаматтары. Зардап шеккендердің кемінде бесеуі жансақтау бөлімінде жатыр.

Шабуыл Эр-Рияд әуежайына екі күн бұрын жасалған соққылардан кейін болды. Ол кезде шабуылға жауапкершілікті хуситтер өз мойнына алып, үш адам қаза тапқан еді.

Сауд Арабиясының билігі жаңа шабуыл болғанын әзірге растаған жоқ. Алайда бірнеше куәгердің айтуынша, сенбі күні король Халид атындағы халықаралық әуежайдан адамдарды эвакуациялаған. Әуежай әкімшілігі жолаушыларға рейстерінің мәртебесін тексеруге кеңес берген.

Куәгерлердің бірі ұшаққа отыруды күтіп тұрған кезде жарылыс естігенін айтса, тағы бірі жарылысты өз көзімен көріп, соның салдарынан адамдар жараланғанын жеткізді.

«Мен ішкі рейстер терминалындағы 403-гейттің жанында тұрдым. 401-гейтке соққы тигенін көрдім. Жараланған адамдар көз алдымда жатты. Жұрттың бәрі жан-жаққа қаша бастады», – деді куәгерлердің бірі.

Сауд Арабиясындағы АҚШ, Канада, Германия және Испания елшіліктері шабуыл туралы хабар тарағаннан кейін өз азаматтарын әзірге әуежайға бармауға шақырды.

Flightradar24 әуе рейстерін бақылау сервисінің мәліметінше, Эр-Риядқа бағытталған барлық рейс басқа әуежайларға бұрылған немесе тоқтатылған.

Ал Kuwait Airways әуе компаниясы қауіпсіздік жағдайына байланысты Сауд Арабиясының астанасына қатынайтын екі рейсін тоқтатқанын хабарлады.

«Kuwait Airways 2026 жылғы 10 қазан, сенбі күні Кувейттен Эр-Риядқа қатынайтын KU775 және Эр-Риядтан Кувейтке ұшатын KU776 рейстерінің әуежайдың қауіпсіздік жағдайына байланысты жабылуына орай тоқтатылғанын хабарлайды», – делінген интернетте жарияланған мәлімдемеде.

Air India, FlyDubai, Lufthansa Group және Pakistan International Airlines сияқты бірқатар әуе компаниясы бейсенбі күнгі шабуылдан кейін Сауд Арабиясының әуежайларына және одан кері бағыттарға рейстерді уақытша тоқтатқан. Хуситтер халықаралық әуе компанияларына Сауд Арабиясының әуе кеңістігі арқылы ұшуды жалғастырған жағдайда салдары болуы мүмкін екенін ескерткен.

Йеменде көтерілісшілер мен Эр-Рияд қолдайтын үкіметтік күштер арасындағы қақтығыстар күшейген тұста Сауд Арабиясының әуежайлары, мұнай нысандары мен танкерлері хуситтердің шабуылына жиі ұшырап келеді.