Жаңа салық енгізілсе, Таиландтан әуе арқылы шығатын туристер 1000 бат төлеуі мүмкін
Тайландқа бару қазақстандық туристерге жаңа салық енгізілуіне байланысты қымбатқа түсуі мүмкін. Елдің Қаржы министрлігі шетелге ұшып шығатын әр жолаушыдан 1000 бат көлемінде салық алу туралы ұсынысты қарастырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy The Nation басылымына сілтеме жасап.
Салықты барлық елдің азаматтарына енгізу жоспарланып отыр. Сондықтан заң қабылданған жағдайда, ол қазақстандық туристерге де қатысты болады. Жеңілдік санатына жатпайтын жолаушылар Тайландтан ұшып шыққан сайын салық төлеуге тиіс.
Салықты әуе компаниялары немесе олардың агенттері билет ақысымен бірге өндіріп алады деп жоспарланып отыр. Бастапқы кезеңде оның мөлшері 1000 бат болады. Бұл шамамен 13,3 мың теңге. Сонымен қатар заң жобасында салық мөлшерін 5000 батқа дейін көтеру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл бір сапарға шамамен 66,4 мың теңге деген сөз. Құрлық және теңіз арқылы елден шығатын жолаушыларға салықты бастапқы кезеңде енгізу жоспарланбайды.
Екі жасқа дейінгі балаларды, сондай-ақ арнайы белгіленген транзиттік аймақтардан шықпайтын халықаралық транзиттік жолаушыларды салық төлеуден босату ұсынылып отыр. Бұдан бөлек, қызметтік міндетін атқарып жүрген және жол жүру ақысы төленбейтін экипаж мүшелері сияқты бірқатар санатқа да жеңілдік қарастырылған.
Жаңа салық әзірге енгізілген жоқ. Ұсыныс 2026 жылғы 29 қазанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.
Егер заң қабылданса, ол ресми үкіметтік газетте жарияланғаннан кейін 180 күн өткен соң күшіне енеді. Заң күшіне енгенге дейін билет сатып алған жолаушылардың ұшу мерзімі кейінірек болса да, салықтан босатылуы ұсынылып отыр.