Наразылық білдірушілер ел астанасының орталығындағы Сухэ-Батыр алаңына жиналды
Ұлан-Батырда ұзаққа созылған отын дағдарысы мен азық-түлік бағасының шарықтауына байланысты бұқаралық наразылық акциялары басталды. Жүргізушілер мен қала тұрғындары орталық алаңға жиналып, биліктен жанармай тапшылығын жоюды және коммуналдық қызмет бағасын арзандатуды талап етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Выход к правде» арнасына сілтеме жасап.
Наразылық білдірушілер ел астанасының орталығындағы Сухэ-Батыр алаңына жиналды. Көлік жүргізушілері автокөліктерін алаңның екі жағына тізіп тоқтатып, сигнал беріп, наразылықтарын білдірді. Шеруге студенттер мен егде жастағы азаматтар да қосылған.
Оқиға орнында тұрғындар бірнеше айдан бері АЗС алдында шақырымға созылған кезекте тұрып, жанармай күтіп түнді көлікте өткізуге мәжбүр болғандарын айтқан. Түнге қарай шерушілер орталық қиылыстарды жауып, қаладағы көлік қозғалысы тоқтаған. Түн жарымына таман полиция қызметкерлері қоғамдық көлік пен жедел жәрдемнің қозғалысына кедергі келтірмеуді талап етіп, акцияны тарата бастаған.
Моңғолияда жанармай тапшылығының пайда болғанына 50 күннен асты. Соңғы бір айда АИ-92 маркалы жанармайдың көтерме бағасы тоннасына 85 доллардан 105 долларға дейін өсті. Оған қоса, соңғы бір жылда ет, көкөніс, ұн мен жарма бағасы, сондай-ақ электр қуаты мен жылу ақысы күрт қымбаттаған.
Өнеркәсіп және пайдалы қазбалар министрі Г. Дамдиннямидың мәлімдеуінше, дефицит Ресейден жеткізілетін отын көлемінің азаюынан туындап отыр. Ел айына 75 мың тонна АИ-92 тұтынса, тамызда 54 мың тонна, ал қыркүйекте 62 мың тонна ғана импортталған. Министр бұны Ресейдегі 34 мұнай өңдеу зауытының 24-і шабуылға ұшырап, ішкі нарықты қамтамасыз етуге көшкенімен түсіндірді.