Түркия табиғи газ импортын 21,7%-ға қысқартты
Түркияның Энергетика нарығын реттеу басқармасының (EPDK) мәліметінше, шілдеде елге импортталған табиғи газ көлемі шамамен 3,06 млрд текше метрді құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21,7%-ға аз, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның 2,87 млрд текше метрі құбыр арқылы жеткізілген газ болса, 194,05 млн текше метрі сұйытылған табиғи газға (СТГ) тиесілі.
Құбыр арқылы газ жеткізуден Әзербайжан көш бастап, ел Түркияға 1 млрд текше метрден астам газ экспорттаған. Одан кейін Ресей – 948,49 млн текше метр және Иран – 919,33 млн текше метр көрсеткішімен тұр. Түркия СТГ-ның барлық көлемін Алжирден импорттаған.
Табиғи газ тұтыну көлемі де 25,2%-ға төмендеп, 2,65 млрд текше метрді құрады. Ал шілде айының соңында елдегі газ қоры 5,64 млрд текше метрге жетіп, бір жылда 30,5%-ға артқан.
Шілдеде Түркияның мұнай және мұнай өнімдерінің импорты шамамен 4,52 млн тоннаны құрады. Бұл жылдық көрсеткіш бойынша 6,9%-ға төмен. Сонымен қатар шикі мұнай импорты 0,32%-ға аздап өсіп, 2,93 млн тоннаға жетті.
Мұнай және мұнай өнімдерін Түркияға жеткізуден Ресей 1,66 млн тонна көлемімен көш бастап тұр. Одан кейін Ирак – 653,5 мың тонна және Қазақстан – 508 мың тонна. Қазақстанның үлесі жалпы импорт көлемінің 11,24%-ын құрады.