Индонезияда жолаушылар отырған кеме аударылып, 129 адам жоғалып кетті

Автор: Темірхан Айжан

Бортта 243 адам болған

Фото: REUTERS

Индонезияның Ява теңізінде жолаушылар кемесі аударылып, 129 адам хабар-ошарсыз кетті. Құтқару жұмыстарына жүздеген маман жұмылдырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Reuters-ке сілтеме жасап.

Сурабаядан Оңтүстік Калимантандағы Банджармасинге бағыт алған Virgo Transport 8 кемесі қатты желден аударылып кеткен. Бортта 243 адам болған. Қазіргі уақытта 108 адам құтқарылып, алты адамның қаза тапқаны расталды. Индонезияның Ұлттық іздестіру-құтқару агенттігінің мәліметінше, іздеу жұмыстарына кемінде 622 қызметкер, 17 кеме, бес тікұшақ және ұшақтар тартылған. Теңіздегі жел басылмай, құтқарушылардың жұмысын қиындатып отыр.

Алдын ала мәлімет бойынша, апат күні теңіз толқыны 3 метр биіктікке дейін жеткен. Кеме бір бүйіріне қарай құлап, аударылған.

Ява теңізі - Индонезия аралдарының арасындағы маңызды теңіз жолдарының бірі. Мұндағы халық аралдар арасында қатынау үшін паромдарды негізгі көлік кұралы ретінде пайдаланады. Өткен айда Индонезияда екі жолаушы паромында өрт шығып, алты адам қаза тапқан. Оның бесеуі Мадура аралы маңындағы, тағы біреуі Бали аралынан Ломбокқа бағыт алған паромдағы өрт кезінде көз жұмды.

Қазір құтқарушылар жоғалған жолаушыларды іздеуді жалғастырып жатыр.