«Тоғыз күн бойы лай су ішіп, тірі қалған»: жойқын апаттан кейін Непалда таңғажайып оқиға болды

Автор: Темірхан Айжан

Түнекте қалған екі жұмысшы аман табылды

Фото: Nepal Army/Handout via REUTERS

Непалда 26 тамызда болған жойқын тасқын мен лай көшкінінен кейін гидроэлектр станциясының туннелінде қамалып қалған екі жұмысшы тірі табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Табиғи апаттан елде 1300-ден астам адам қаза тауып, мыңдаған адам хабарсыз кеткен. Гидроэлектр нысандарында жұмыс істеген шамамен 900 адамның тағдыры әлі белгісіз.

Reuters-тің жазуынша, лай тасқынынан кейін Кабир Махарджан мен Санджай Сах Тришули-3А гидроэлектр станциясының туннелінде қалып қойған. Олар туннельдің су баспаған бөлігіндегі ауамен демалып, лай суды ішіп күнелткен.

Құтқарушылар бірнеше күн бойы үйінділерді аршып, бұрғылап, арнайы техниканы қолданып, оларға әрең дегенде жетті. Жауын-шашын жұмысты қиындатып, қазылған жерлерді қайта-қайта су басқан.

Оныншы күннің таңында құтқарушылар туннель ішінен дыбыс естіген. Артынша қараңғыдан адамның қолын көріп, ішке қарай жүре түскен. Туннель ішінен «Біз осындамыз» деген дауыс естілген. Екі жұмысша әбден әлсіреген күйде табылды. Құтқарушылар оларды туннельден алып шыққанда, екі жұмысшының да өздігінен тұруға шамасы келмеді. Беті балшыққа батқан Санджай Сахты құтқарушы арқалап шығарды, ауыр жарақат алған Кабир Махарджанды зембілмен алып шықты. Махарджанның аяғындағы жараға инфекция түскен. Ол ауруханаға жеткізілген соң, әйелін тани алмай қалған. Құтқарушылар қазір басқа нысандардағы іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.