Олар бұл әрекетті жауап ретінде жасап отыр
Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы Иорданиядағы АҚШ әскери базаларына зымырандар мен дрондарды қолдана отырып, соққы жасаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Иран тарапы бұл шабуылды АҚШ-тың Иранның Ларак аралындағы нысандарына жасаған әуе соққысына жауап деп атады.
КСИР мәліметінше, шабуыл Иорданиядағы Король Хусейн және Әл-Азрақ әскери базаларына бағытталған. Корпус бұл нысандардағы техникалық қызмет көрсету инфрақұрылымы мен әскери ұшақтар орналасқан орындардың жойылғанын және айтарлықтай шығын келгенін мәлімдеді.
Алайда Иордания әскері елдің әуе кеңістігіне кірген сегіз зымыранның ұсталғанын хабарлады. Базаларда зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.
Бұған дейін АҚШ әскері Ларак аралындағы Иранның екі зымыран қондырғысына соққы жасаған. Вашингтон бұл операцияны КСИР күштері Ормуз бұғазына теңіз миналарын орналастыруға дайындалып жатқаны туралы ақпаратпен түсіндірді.