Жаңа тәсіл Ормуз бұғазы арқылы тәулігіне 8-9 млн баррель мұнай тасымалдауға мүмкіндік беріп отыр
БАҚ мәліметінше, Парсы шығанағы елдерінің мұнай компаниялары танкерлерді Ормуз бұғазы арқылы транспондерлерін өшіріп, АҚШ Әскери-теңіз күштерінің қорғауымен жасырын өткізе бастаған. Мұндай тәсіл тәулігіне 9 млн баррельге дейін мұнай тасымалдауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy CNN-ге сілтеме жасап.
Парсы шығанағы елдерінің мұнай компаниялары Иран тарапынан шабуыл жасалу қаупіне қарамастан мұнай экспортын жалғастыру үшін танкерлерді Ормуз бұғазы арқылы транспондерлерін өшіріп, америкалық әскерилердің сүйемелдеуімен өткізіп жатыр, деп жазады
Осындай рейстердің бірін грекиялық Kiku супертанкері жасаған. Шілде айының соңында ол Катардың Месаиед терминалында мұнай тиеп, 31 шілдеде Дубай жағалауында кеменің орналасқан жері, жылдамдығы мен бағыты туралы деректерді тарататын AIS жүйесін өшірген. Осыдан кейін танкер теңіз қозғалысын бақылайтын сервистерден іс жүзінде жоғалып кеткен.
Kiku сигналы 1 тамыз күні таңертең Ормуз бұғазының арғы жағынан қайта пайда болды. CNN мәліметінше, кеме қауіпті аймақтан түнде АҚШ Әскери-теңіз күштерінің қорғауымен өткен. Осыдан бір ай бұрын дәл осы танкерге ирандық ұшқышсыз ұшу аппараты шабуыл жасаған, алайда дрон жарылмаған.
Мұндай тәсілді Сауд Арабиясы, Кувейт, Катар және БАӘ мұнай компаниялары да қолданып отыр. Танкер Парсы шығанағында мұнай тиеп, AIS жүйесін өшірген күйі бұғаздан өтеді. Оман шығанағына жеткен соң мұнай басқа кемеге тиеліп, ол жүкті сатып алушыға жеткізеді. Ал мұнай тасымалдаған танкер қайтадан кері қайтады.
CNN екі күн ішінде осындай оннан астам мұнайды бір кемеден екіншісіне тиеу дерегін тіркеген. Мұнай Қытай, Тайвань, Оңтүстік Корея, Филиппин, Вьетнам және Таиландқа жөнелтілген.
АҚШ Энергетика министрлігінің бағалауынша, жаңа тәсілдің арқасында Ормуз бұғазы арқылы тәулігіне 8-9 млн баррель мұнай тасымалдауға мүмкіндік туып отыр. Бұл негізінен AIS деректеріне сүйенетін сарапшылар мен кемелерді бақылау сервистерінің бағалауынан шамамен екі есе көп.
Kpler мәліметінше, соңғы екі аптада бұғаз арқылы өткен кемелердің шамамен 80%-ы транспондерлерін өшіріп қозғалған. Олар Ираннан барынша алыс болып, Оман жағалауына жақын жүруге тырысады. Дегенмен ірі танкерлерді толық жасыру мүмкін емес: оларды радарлар мен спутниктер арқылы анықтауға болады.
Сонымен қатар мұнай өндіруші елдер Ормуз бұғазын айналып өтудің басқа жолдарын да іздеп жатыр. Сауд Арабиясы тәулігіне шамамен 5 млн баррель мұнайды құбыр арқылы Қызыл теңіздегі Янбу портына бағыттаған. Бұдан бөлек, өңірдегі өндірушілер тәулігіне тағы 2 млн баррельге жуық мұнайды бұғазды айналып өтетін басқа бағыттар арқылы экспорттайды.
Әлемдік нарыққа қосымша мұнай көлемін Бразилия, Гайана, Венесуэла және АҚШ жеткізіп отыр. Сонымен қатар Вашингтон стратегиялық қорынан шамамен 400 млн баррель мұнай пайдаланған, ал Қытай өз мұнай қорларын жұмсап жатыр.
Алайда бұл жүйе уақытша шешім болып отыр. Қақтығыс кезінде әлемдегі мұнай мен отын қоры шамамен 1,9 млрд баррельге азайған. Егер қорларды қайта толықтыру мүмкін болмаса, тапшылықтың одан әрі күшеюі мұнай бағасының тағы да күрт өсуіне әкелуі мүмкін.