Бүгін, 00:37
Әлем

Трамп Иранды берілуге шақырып, Оманға соққы жасайтынын ескертті

Тараптар арасындағы келіссөздер әлі де тығырықта тұр

Трамп Иранды берілуге шақырып, Оманға соққы жасайтынын ескертті
Фото: @realdonaldtrump

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран АҚШ-пен соғысты тоқтату үшін берілуі керек деп мәлімдеді. Сонымен қатар ол Оман жағдайды реттеуге кедергі келтіретін болса, бұл елге соққы жасалуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Олар ақ ту көтеріп, берілуі керек», – деді Трамп Fox News телеарнасына берген телефон сұхбатында.

Reuters мәліметінше, Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөздер әлі де тығырықта тұр. Бұған дейін тараптар әскери қимылдарды уақытша тоқтатуға келісіп, 60 күн ішінде түпкілікті келісім әзірлеуді жоспарлаған. Оның ішінде Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселе де болған. Алайда бұл уағдаластықтар көп ұзамай күшін жойды.

Оман мен Иран Ормуз бұғазы арқылы коммерциялық кеме қатынасын қалпына келтіру жөнінде бөлек келіссөз жүргізіп жатыр. Ақпан айының соңында АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасай бастағанға дейін бұл бағыт арқылы әлемдегі мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізілімдерінің шамамен 20%-ы өткен.

«Егер Оман жолымызға кедергі келтірсе, біз оларға соққы жасаймыз», – деді Трамп.

Ормуз бұғазы төңірегіндегі жағдай жанармай бағасының өсуіне әкеліп, АҚШ президентіне соғысты аяқтау жөніндегі қысымды күшейтті. Алайда Трамп қарашада өтетін АҚШ Конгресіне аралық сайлау оның Иранға қатысты стратегиясына әсер етпейтінін мәлімдеді.

Бұған дейін АҚШ президенті Truth Social желісінде соғыстың басты мақсаты Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу екенін айтқан.