Оңтүстік Кореяда аптап ыстықтан картоп жердің астында-ақ пісіп кеткен

Автор: Асқарова Қарлығаш

2 тамызда Янсан қаласында ауа 42,5 градусқа дейін көтерілген, бұл – Оңтүстік Кореядағы метеобақылау тарихындағы ең жоғары көрсеткіш

Фото: istockphoto.com

Оңтүстік Кореяда бұрын-соңды болмаған аптап ыстық егін шаруашылығына ауыр соққы болып тұр. Кей алқаптарда картопты қазып үлгермей жатып, жердің астында-ақ ыстықтан пісіп, жарамсыз болып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.   

Канвон провинциясындағы шаруалар осыдан бір апта бұрын ғана биылғы өнімнен жақсы үміт күткен. Алайда күннің қатты ысуы топырақты әбден қыздырып, егістіктің бір бөлігін құртып жіберген. Фермерлердің айтуынша, қазір алқаптан өнім жинаудың өзі қиын. Аптап ыстықтың қаншалықты күшті болғанын ауа температурасы да көрсетеді. 2 тамызда Янсан қаласында ауа 42,5 градусқа дейін көтерілген. Бұл – Оңтүстік Кореядағы метеобақылау тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.

Қатты ыстық адам мен жануарға да ауыр тиіп жатыр. Елде аптаптан кемінде 31 адам қаза болған. Сонымен қатар 900 мыңнан астам мал мен 1,4 миллионға жуық өсірілетін балық қырылған.

Билік тұрғындарға күннің астында ұзақ жүрмеуге, ашық ауадағы кез келген шарадан бас тартуға кеңес берді. Мамандар мұндай аптаптың ауыл шаруашылығына келтіретін зияны да жыл сайын артып келе жатқанын айтып отыр.