Сарапшылардың айтуынша, қатты ыстық әсіресе егде жастағы адамдар мен созылмалы ауруы бар азаматтарға қауіп төндіріп отыр
Германиядағы Роберт Кох атындағы институттың (RKI) мәліметінше, биыл аптап ыстыққа байланысты қайтыс болғандар саны 9800 адамға жеткен. Бұл – 2016 жылдан бергі кез келген толық жылдағы ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Azattyq Rýhy DW-ге сілтеме жасап.
Сарапшылардың бағалауынша, 2026 жылдың ең ауыр кезеңі маусымның екінші жартысы болған. Сол уақытта елдің көптеген өңірінде ауа температурасы +40 градусқа дейін көтеріліп, осы аралықта 5 мыңнан астам адам көз жұмған.
«Аптап ыстықтан қайтыс болғандардың 7880-і – 75 жастан асқан азаматтар. Сондай-ақ қайтыс болғандардың арасында әйелдер ерлерге қарағанда көп. Алайда мұны егде жастағы тұрғындар арасында әйелдердің үлесі жоғары болуымен түсіндіруге болады. RKI дерегіне сәйкес, бұған дейінгі ең жоғары көрсеткіш 2018 жылы тіркелген. Ол кезде бір жыл ішінде аптап ыстықтың салдарынан шамамен 8900 адам қайтыс болған», – делінген институттың есебінде.
Мамандардың айтуынша, аптап ыстық өте сирек жағдайда өлімнің тікелей себебі болады. Көп жағдайда жоғары температура созылмалы аурулармен қатар әсер етіп, адам өміріне қауіп төндіреді.
Дәрігерлер осыған байланысты медициналық мекемелердегі салқындату жүйелерін жаңғырту қажет екенін айтып отыр. Қазіргі уақытта Германия ауруханаларындағы палаталардың аз ғана бөлігі кондиционерлермен немесе басқа да салқындату құралдарымен жабдықталған.