Конгода Эбола өршіп тұр: көз жұмғандар саны мыңға жуықтады

Автор: Асқарова Қарлығаш

Гуманитарлық ұйымдардың мәліметінше, жерлеу рәсімдері кезінде санитарлық талаптардың сақталмауы вирустың кең таралуына себеп болып жатыр

Фото: istockphoto.com

Конго Демократиялық Республикасында Эбола індетінің таралуы әлі де тоқтар емес, деп хабарлайды Azattyq Rýhy DW-ге сілтеме жасап.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) мәліметінше, зертханалық жолмен расталған өлім-жітім саны 999 адамға жетті. Жалпы вирус жұқтырғандар саны 2,4 мыңнан асты.

Ахуалдың күрделене түсуіне байланысты ДДҰ індетті халықаралық деңгейдегі төтенше жағдай деп жариялады. Бұл – ұйым белгілейтін қауіптің ең жоғары деңгейінің алдындағы мәртебе.

Соңғы дерек бойынша, Конгода Эбола жұқтырған 2 473 адам тіркелген. Олардың 999-ы қайтыс болса, тағы 737 науқас оқшауланған медициналық мекемелерде ем қабылдап жатыр. Індет елдің 26 провинциясының бесеуіне тараған. Бұл өңірлерде шамамен 116 миллион адам тұрады. Вирус көршілес Угандаға да жетіп, онда 20 адамнан инфекция анықталған. Оның екеуі көз жұмған.

Аурудың негізгі ошағы – Конгоның солтүстік-шығысындағы Итури провинциясы. Аймақтағы қарулы қақтығыстар эпидемиологиялық ахуалды ушықтырып отыр. Гуманитарлық ұйымдардың мәліметінше, жерлеу рәсімдері кезінде санитарлық талаптардың сақталмауы вирустың кең таралуына себеп болып жатыр. Мамандардың айтуынша, Эболадан қайтыс болған бір адамның денесінен 17 адамға дейін вирус жұқтыруы мүмкін.

Биыл мамыр айында басталған індетке Эболаның Bundibugyo деп аталатын сирек штамы себеп болған. Мамандардың айтуынша, бұл вирус түріне қарсы әзірге тіркелген вакцина да, арнайы емдеу әдісі де жоқ. Аталған штамды жұқтырғандардың 30-50 пайызы көз жұмады. Аурудың жасырын кезеңі үш аптаға дейін созылады. Вирус науқастың қанымен немесе басқа да биологиялық сұйықтықтарымен тікелей байланыс кезінде жұғады. Қазір дәрігерлер вирус жұқтырғандармен байланыста болған адамдардың 82 пайызын бақылауға алған. Алайда індеттің таралуын толық тежеу үшін бұл көрсеткіш кемінде 90 пайыз болуы қажет.

Айта кетейік, бұл – Конго Демократиялық Республикасында 1976 жылы Эбола вирусы алғаш анықталғаннан бергі 17-ші індет ошағы.