Венесуэладағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 900-ден асты

Автор: Алмас Ерсін

Құтқарушылар үйінді астында қалған адамдарды іздеуді жалғастырып жатыр, ал ресми мәлімет бойынша құрбандар саны артып келеді

ВВС

Венесулада болған екі жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 900-ден асты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy BBC-ге сілтеме жасап.

Ел Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригестің мәліметінше, апат салдарынан кемінде 920 адам көз жұмған. Тағы 3 360 адам түрлі жарақат алған, ал кемінде 172 адам әлі күнге дейін үйінді астында қалып отыр. Бұған дейін Венесула президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес 589 адамның қаза тапқанын хабарлаған еді. Ал БҰҰ-ның бағалауынша, 50 мыңнан астам адам әлі де хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.

Дәрігерлердің айтуынша, жер сілкінісіне дейін-ақ Венесуладағы денсаулық сақтау жүйесінде дәрі-дәрмек пен медициналық құралдардың тапшылығы қатты сезілген. Билік елдегі 13 ауруханаға зақым келгенін мәлімдеді.

Жұма күні Делси Родригес ең көп зардап шеккен өңірлердің бірі – Ла-Гуайра штатын құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін әскерилердің басқаруына беру туралы шешім қабылдады. Қаза тапқандардың басым бөлігі осы штаттың тұрғындары.

БҰҰ мәліметінше, іздестіру-құтқару жұмыстарына қазірдің өзінде мыңнан астам халықаралық маман, оның ішінде із кесетін иттері бар кинологтар тартылған. 26 маусымда Венесулаға Мексика, Сальвадор және Доминикан Республикасынан құтқарушылар колонналары жетті. БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық мәселелер жөніндегі орынбасары Том Флетчер BBC эфирінде гуманитарлық көмектің жолға шыққанын мәлімдеді.