Прокуратура жеті жарым жыл жаза сұрағанымен, сот жеті жыл бас бостандығынан айыру үкімін шығарды
Сеулдің орталық аудандық соты Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы Ким Кон Хиді кадрлық тағайындауларға және бизнеске қатысты мәселелерді шешуге ықпал еткені үшін қымбат сыйлықтар алу ісі бойынша жеті жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.
Сеулдің орталық аудандық соты Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёльдің жұбайы Ким Кон Хиді делдалдық арқылы пара алды деп таныды. Прокуратура оған жеті жарым жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған еді. Алайда сот бұрынғы бірінші ханымды жеті жылға соттады.
«Ол бірінші ханым ретіндегі ықпалын жұмыс орындарын және бизнеске жеңілдіктер ұсыну үшін пайдаланған», – деді судья.
Оның айтуынша, Ким Кон Хи өз ықпалын адамдарды маңызды мемлекеттік және парламенттік қызметтерге орналастыру үшін пайдалануға дайын болған.
Судья сондай-ақ бұрынғы бірінші ханымның «қарапайым адамдар өмірінде кездестіре бермейтін мұндай параларды ойланбастан қабылдағанын» атап өтті.
Reuters мәліметінше, алынған сыйлықтардың арасында Van Cleef & Arpels алқасы, Tiffany түйреуіші, Graff сырғасы, тасбақа бейнесіндегі алтын мүсінше, Dior сөмкесі, құны 39 млн вон болатын Vacheron Constantin сағаты (шамамен 25 мың АҚШ доллары), сондай-ақ құны 140 млн вон тұратын картина (шамамен 91 мың АҚШ доллары) болған.
Сот анықтағандай, бұл сыйлықтарды мемлекеттік қызметке тағайындалудан немесе бизнеске қатысты жеңілдіктерден үмітті адамдар берген. Олардың қатарында күйеу баласын мемлекеттік қызметке орналастыруға ұмтылған құрылыс компаниясының иесі, жоғары лауазымды шенеуніктермен байланысын кеңейткісі келген пастор, жеке университеттің бұрынғы басшысы және президенттің күзет қызметіне өз өнімін жеткізгісі келген робот-иттер сататын компанияның жетекшісі болған.
Жеті жыл бас бостандығынан айыру жазасынан бөлек, сот Ким Кон Хиге 64,8 млн вон көлемінде айыппұл салды (шамамен 42 мың АҚШ доллары). Сондай-ақ пара ретінде алынған заттар табылған жағдайда оларды тәркілеу туралы шешім шығарды. Бұрынғы бірінші ханымның адвокаты қорғау тарапы үкімге шағым түсіретінін мәлімдеді.