Бағдад мұнай өндіру квотасын ұлғайту мәселесі шешілмесе, ОПЕК құрамынан шығу ықтималдығын жоққа шығармайтынын мәлімдеді
Ирак мұнай өндіру квотасын ұлғайту жөніндегі талабы орындалмаса, Мұнай экспорттаушы елдер ұйымынан (ОПЕК) шығу мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Reuters агенттігі Ирактың Мұнай министрлігіндегі жоғары лауазымды дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
Агенттік мәліметінше, Бағдад Парсы шығанағындағы қақтығыстан кейін қалыптасқан күрделі экономикалық жағдайда мұнай экспортынан түсетін кірісті арттыруға мүдделі. Дереккөздердің айтуынша, егер Ирактың талабы ескерілмесе, ел билігі барлық ықтимал нұсқаны, соның ішінде картельден шығуды да қарастыруға дайын. Алайда бұл мәселе ОПЕК басшылығымен ресми түрде әлі талқыланбаған.
Ресми Бағдад әзірге мұндай жоспарды растаған жоқ. Үкімет өкілі Хайдер әл-Абуди ел алдағы жылдары мұнай өндіру көлемін тәулігіне 7 миллион баррельге дейін ұлғайтуды көздейтінін мәлімдеді. Премьер-министр Әли әз-Заиди де бұған дейін қазіргі квота Ирактың өндірістік мүмкіндігіне және өсіп келе жатқан халықтың қажеттілігіне сай келмейтінін айтқан.
Reuters дерегінше, соңғы айларда Иракта мұнай өндіру көлемі артып келеді. Маусымда өндіріс тәулігіне 2,01 миллион баррельге жеткен. Ал елдегі ірі мұнай кен орындарының операторларына барынша жоғары қуатта жұмыс істеу тапсырылған. Бұл ретте ОПЕК келісімі бойынша Иракқа белгіленген ресми квота тәулігіне 4,352 миллион баррельді құрайды.
Сарапшылар Ирактың ОПЕК-тен шығуы ұйым үшін елеулі сынақ болуы мүмкін деп есептейді. Бұған дейін, 2026 жылғы 1 мамырда, ұйым құрамынан Біріккен Араб Әмірліктері шыққан еді. Талдаушылар альянс мүшелері арасындағы тәртіптің әлсіреуі әлемдік нарықтағы мұнай ұсынысының артуына және бағаға қысымның күшеюіне әкелуі мүмкін екенін ескертеді.