Конгода жұмыс істеген дәрігерден вирус анықталған
Франция аумағында алғаш рет Эбола геморрагиялық қызбасын жұқтыру дерегі анықталды. Қауіпті вирус мамыр айының ортасынан бері індет өршіп тұрған Конго Демократиялық Республикасында гуманитарлық миссия құрамында жұмыс істеген дәрігерден табылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.
Франция Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, науқас арнайы мамандандырылған медициналық мекемеге жеткізіліп, оқшауланған.
Бұған дейін Франция аумағында Эбола инфекциясы тіркелмеген болатын. 2014 жылы елге вирус жұқтырған екі Франция азаматы жеткізілген. Алайда, олардың дертке шалдыққаны Африка құрлығында жүргенде-ақ анықталған еді. Қазіргі уақытта француз билігі науқаспен байланыста болғандарды анықтап жатыр. Министрліктің мәлімдеуінше, вирус өте қауіпті болғанына қарамастан өзге инфекциялар сияқты тез таралмайды, ол тек науқас адамның қаны, тері немесе зәрі сияқты биологиялық сұйықтықтарымен тікелей физикалық байланыс орнатқанда ғана жұғады.
Конго аумағында індетті тоқтату әзірге мүмкін болмай отыр. Елде вирус жұқтырғандардың саны мыңнан асып кетті. Вирустың осы түріне қарсы тиімді вакцина әлі күнге дейін жоқ.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Эбола індеті өте күрделі сипат алды. Вирустың ресми тарала бастағанына бес апта өткенде 267 адам көз жұмды. Конгоның көтерілісшілер бақылауындағы үш провинциясында инфекцияның негізгі ошақтары орналасқан. Ол аймақтарда медициналық қызметкерлер, дәрі-дәрмек пен науқастарды оқшаулайтын арнайы орындар тапшы.
Айта кетейік, мамыр айында Конго аумағында жүріп вирус жұқтырған америкалық дәрігер Германиядағы ауруханалардың бірінде емделіп шыққан болатын. Ол 30 мамырда ауруханадан шығарылды және содан бері оның қанынан вирус белгілері табылған жоқ.