Еуроодақ Украина мен Молдованы қабылдау бойынша келіссөздерді іске қосады
Шешім Венгрияның қарсылығы алынғаннан кейін қабылданды
Еуропалық одақ Украина мен Молдованы өз қатарына қабылдау жөніндегі келіссөздерді ресми түрде 15 маусымда бастайды. Бұл туралы Венгрия келіссөз үдерісін бастауға қойған ветосын алып тастағаннан кейін Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен мен Еуропалық кеңестің президенті Антониу Кошта мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
DW таратқан мәліметке сүйенсек, Еуропа басшылары ЕО-ға мүше барлық елдер Киев пен Кишиневпен келіссөздердің алғашқы кластерін ашуға келіскенін айтқан.
«Бұл – екі елдің де аса күрделі жағдайларға қарамастан реформаларды жүзеге асыру жолында көрсеткен табандылығының, батылдығының және қажырлы еңбегінің мойындалуы», – делінген бірлескен мәлімдемеде.
Брюссельде Еуроодақтың одан әрі кеңеюі жаһандық тұрақсыздық күшейген кезеңде еуропалық мемлекеттердің мүддесіне сай келетін стратегиялық шешім екені де атап өтілді.
Қазіргі уақытта ЕО Кеңесіне төрағалық етіп отырған Кипр өкілдігінің мәліметінше, Венгрия келіссөздерді бұғаттаудан бас тартқаннан кейін дайындық кезеңі аяқталған. Еуроодақ елдері алғашқы келіссөз кластері бойынша ортақ ұстанымды келісіп, үдерістің келесі кезеңіне өтуге мүмкіндік алған.
Келіссөздердің алғашқы блогы заң үстемдігі, демократия, адам құқықтары және кандидат елдер ұстануға тиіс өзге де негізгі құндылықтарға арналған. Жалпы келіссөздер ондаған тақырыптық бағытты қамтитын алты кластер бойынша жүргізіледі.
Келіссөздердің барлық кезеңі аяқталғаннан кейін жаңа мемлекеттердің Еуроодаққа қосылуы туралы шешімді ұйымға мүше 27 елдің барлығы мақұлдап, ратификациялауы қажет.
Украина мен Молдованың Еуроодаққа қосылуы жөніндегі келіссөздер ресми түрде 2024 жылдың маусымында басталған болатын. Алайда Венгрияның бұрынғы үкіметінің ұстанымына байланысты олардың ресми ілгерілеуі тоқтап қалған. Соған қарамастан тараптар арасындағы консультациялар сарапшылар деңгейінде жалғаса берген.
Жағдай Венгрияда жаңа премьер-министр Петер Мадьяр билікке келгеннен кейін өзгерді. Өткен аптада ол Украинамен венгр азшылығының құқықтарын қорғауға қатысты мәселелер бойынша келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Осыдан кейін Будапешт келіссөздерді бастауға қатысты қарсылығын қайтарып алды.