Жаңа кен орны елдегі мұнай өндірісін едәуір арттыруы мүмкін
Ирактың Мұнай министрлігі Наджаф провинциясында ірі мұнай кен орны анықталғанын хабарлады. Алдын ала есеп бойынша, оның қоры 8,8 миллиард баррельден асады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Еuronews таратқан мәліметке сәйкес, кен орны Ирактың оңтүстік-батысындағы Сауд Арабиясымен шекараға жақын орналасқан Qurnain блогында табылған. Бұл аумақ елдегі мұнай барлау жұмыстары үшін ең перспективалы өңірлердің бірі саналады. Оның жалпы аумағы шамамен 8,8 мың шаршы шақырымды құрайды.
Министрлік мәліметінше, Shams-11 барлау ұңғымасы жеңіл мұнай қоры бар екенін растаған. Ұңғыманың бастапқы өнімділігі тәулігіне 3248 баррель болған.
Жаңа кен орны туралы Ирактың Мұнай министрі Хаян Абдул Ғани мен Qurnain блогын игерумен айналысып жатқан қытайлық ZhenHua Oil компаниясының өкілдері кездескен кезде жарияланды. Тараптар кен орнын әрі қарай игеру және өндіруді жеделдету үшін заманауи бұрғылау технологияларын қолдану мәселесін талқылаған.
Qurnain блогын барлау және игеру жөніндегі келісімшарт 2024 жылдың қазан айында жасалған. Қор көлемі расталғаннан кейін оператор-компания кен орнын қысқа мерзімде коммерциялық пайдалануға беру жоспарын ұсынды.
Сонымен қатар Бағдад елдің оңтүстігіндегі Басра провинциясын Сирия шекарасына жақын Анбардағы Хадита қаласымен байланыстыратын ірі мұнай құбырын салу жобасын жеделдетіп жатыр. Құбырдың жоспарланған экспорттық қуаты тәулігіне 2,5 миллион баррельді құрайды.
Қазір Ирак Таяу Шығыстағы соғыс пен Ормуз бұғазындағы кедергілер салдарынан мұнай экспортында қысымға тап болып отыр. Бұл бұғаз – ирактық энергия тасымалдаушыларды әлемдік нарыққа шығаратын негізгі дәліздердің бірі.
Аймақтағы жағдай ушығуға дейін Ирак тәулігіне шамамен 4,5 миллион баррель мұнай өндірген. Осы көрсеткішпен ол ОПЕК елдері арасындағы екінші ірі мұнай өндіруші болған. Экспорт көлемі тәулігіне 3,5 миллион баррельге жеткен, оның шамамен 90 пайызы Ормуз бұғазы арқылы тасымалданған.
Мұнай министрлігінің ресми дерегіне сәйкес, наурыз айында Ирактың мұнай экспорты 18,6 миллион баррельге дейін төмендеген. Ал одан түскен табыс 1,96 миллиард доллар болған. Бұл ақпан айымен салыстырғанда шамамен 81 пайызға аз. Ақпанда Ирак 99 миллионнан астам баррель мұнай экспорттап, 6,81 миллиард доллар табыс тапқан еді.
АҚШ-тың энергетикалық ақпарат басқармасының (EIA) бағалауынша, Ирак дәлелденген мұнай қоры бойынша әлемде бесінші орында тұр. Елдегі жалпы мұнай қоры шамамен 145 миллиард баррель деп есептеледі.
Жаңа кен орны соңғы жылдары Ирак мұнай саласында ашылған ең ірі жобалардың бірі деп аталып отыр.