Еуропада жыныстық жолмен жұғатын аурулар рекордтық деңгейге жетті

Автор: Темірхан Айжан

Ұлыбритания әлемде алғаш болып гонореяға қарсы жаппай вакцинация бағдарламасын енгізді 

Фото: iStockphoto

Еуропада жыныстық жолмен берілетін инфекциялар соңғы он жылда шарықтау шегіне жеткен. Аурулардың алдын алу және бақылау жөніндегі ECDC еуропалық орталығының мәліметінше, 2015 жылмен салыстырғанда гонорея жұқтырғандар 3 есеге, ал сифилиспен ауыратындар 2 есеге артқан. Олардың ең көбі Испания мен Ұлыбританияда тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап.

Мамандардың түсіндіруінше, адамдар сақтану шараларына немқұрайлы қарап, дәрігерге жиі жүгінбейді. Инфекцияның күрт өсуіне байланысты Ұлыбритания әлемде алғаш болып гонореяға қарсы жаппай вакцинация бағдарламасын бастады.

Гонореяны ұзақ уақыт емдемесе, созылмалы ауырсынуға, бедеулікке алып келеді, ал сифилис: жүрек пен жүйке жүйесін зақымдайды. Сондай-ақ, жүкті әйелден нәрестеге өтіп, баланың өмір бойы мүгедек болып қалуына себеп болады. Аталған аурулардың белгісі жылдам пайда болмайды. Кейде дерт ешқандай белгісіз де дами береді. Сырқат ерте анықталған жағдайда, антибиотиктермен оңай емделеді.

Денсаулық сақтау мамандары азаматтарға сақтану шараларын қолданып, дәрігерге жиі көрінуге кеңес береді.