Тегеран Вашингтонды ядролық бағдарлама мәселесінде тағы да қатаң ұстаным танытты деп айыптады
АҚШ Иран ұсынған қақтығысты реттеу және соғысты тоқтатуға арналған 14 тармақтан тұратын жоспарды қабылдамады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ирандық Tehran Times газетінің Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, Вашингтон Тегеранға жазбаша жауап жолдап, Иран тарапының барлық ұсынысын кері қайтарған.
«Тегеранның ұсыныстарын қабылдамай, АҚШ тағы да өзінің қысым көрсетуге негізделген ұстанымын көрсетті. Әсіресе бұл ядролық мәселе төңірегінде анық байқалды», – деп жазды басылым.
Иран ұсынған жоспар екі кезеңнен тұратын келіссөз процесіне негізделген. Алғашқы кезеңде барлық бағыттағы әскери әрекеттерді тоқтату көзделген. Ал Тегеран қойған шарттар орындалғаннан кейін Иранның ядролық бағдарламасына арналған келіссөздердің екінші кезеңіне көшу ұсынылған.
Әзірге Вашингтон тарапынан ресми растау да, Иран жоспарының мәтіні де жарияланған жоқ.
Бұған дейін Иран америкалық ұсыныстарға берген жауабын тараптар арасындағы келіссөздерде делдал болып отырған Пәкістан арқылы жолдағаны хабарланған еді.
АҚШ президенті Дональд Трамп жуырда Иранның ұсыныстарын сынға алып, Тегеран «ойын ойнап отыр» деп мәлімдеген болатын. Америкалық БАҚ-тың мәлімдеуінше, АҚШ әкімшілігі ықтимал келісімнің басты шарты ретінде Иранның ядролық бағдарламасына қатысты шектеулерді талап етуді жалғастырып отыр.