Германия 10 жылдан кейін өтетін Олимпиадаға қажетті ақшасын қазірден есептеп жатыр
Берлиндегі сауалнамаға қатысқандардың 60%-ы бастаманы қолдаған
Германия алдағы 10, 14 немесе 18 жылдан кейін өтетін жазғы Олимпиада ойындарын өз елінде өткізуге ниетті. Мюнхендегі және Солтүстік Рейн-Вестфалия қалаларындағы референдумдардың оң нәтижесі, сондай-ақ Берлиндегі сауалнамаға қатысқандардың 60%-ы бастаманы қолдаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Берлин қазірдің өзінде олимпиадалық кейіпке еніп жатыр. BILD басылымы дүбірлі дода кезінде астананың қалай түрленетінін көрсетті.

Бес түсті алып Олимпиада шеңбері қаланың барлық көрнекті жерлерінен – BER әуежайынан, метро желілерінен, көпірлер мен су айдындарынан, телемұнара маңынан көрініп тұратын болады.
Ойындардың салтанатты ашылу рәсімі бұрынғы Темпельхоф әуежайының аумағында өтеді деп жоспарланып отыр. Оның басты ерекшелігі – көрермендерге арналған алтын медаль түстес зәулім пирамида. Сонымен қатар, Олимпиада стадионы мен Бранденбург қақпасын жалғайтын 20 шақырымдық «Олимпиада жолы» да дәл осындай алтын түске боялады.
Берлиннің 250 беттен тұратын ресми өтінімінде жобаны қаржыландыру, 16 мың спортшы мен ресми тұлғаға арналған Олимпиада ауылы және спорттың 58 түрінен, оның ішінде Паралимпиада ойындары да бар, жарыс өткізілетін нысандар егжей-тегжейлі көрсетілген. Жарыстар тек астанада емес, сонымен қатар Лейпциг мен Росток-Варнемюндегі желкенді спорт орталығында да ұйымдастырылады.
Нақты шешім 26 қыркүйекте қабылданады. Германия Халықаралық олимпиада комитетіне қай жылға (2036, 2040 немесе 2044) өтінім беретіні әзірге белгісіз. Сондай-ақ, Германияның бұл айтулы доданы өткізу құқығына ие болу-болмауы да сол уақытта айқындалады.



